Қазақстан мен Эфиопия сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 12 тамыз – Қазақстанның Эфиопиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-ның Африкалық Одақ жанындағы Тұрақты Өкілі Жалғас Әділбаев «Омотик Групп» компаниясының негізін қалаушы және Президенті Еассу Воссенмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тек ресми тұлғалар мен дипломатиялық корпус деңгейінде ғана емес, сондай-ақ іскер топ өкілдерімен де жұмыс істеуге үлкен мән беретінін хабарлады. Ол Эфиопиямен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту Елшілік қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.

Осыған байланысты Дипломатиялық өкілдіктің басшысы Эфиопияның іскер топ өкілдеріне әлеуетті қазақстандық әріптестермен іскерлік қатынастар мен ынтымақтастықты жолға қоюда Елшілік үнемі қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Қазақстандық дипломат сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастауымен жүргізіліп жатқан ішкі саяси және экономикалық реформалар, оның ішінде цифрлық экономикаға көшу және мемлекеттік басқарудың барлық салаларына жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

Әңгімені жалғастыра отырып, Ж.Әділбаев сұхбаттасушыға Қазақстанда шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жасалған қолайлы жағдайлар, сондай-ақ олардың елдегі заңды мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекет саясаты туралы қысқаша ақпарат берді.

Е.Воссен өз кезегінде сауда саласындағы шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың үлкен халықаралық тәжірибесі бар өз компаниясының қызметі туралы хабардар етіп, қазақстандық іскер топ өкілдерімен ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық құруға дайын екендігін білдірді.

Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін өзара диалогты жалғастыруға уағдаласты.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1273280?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version