Салық берешегі болған кезде ұйым басшыларының шығуына уақытша шектеу.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес салық берешегі болған жағдайда белгілі бір тұлғалардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.

👤 Шектеу мына тұлғаларға қатысты қолданылуы мүмкін:

🔹 заңды тұлғаның бірінші басшысына немесе оны алмастыратын тұлғаға;
🔹 заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің басшысына;
🔹 жеке кәсіпкерге;
🔹 жекеше практикамен айналысатын тұлғаға.

⚠️ Маңызды! Шектеу бірден қойылмайды. Ол үшін бірнеше шарт қатар орындалуы қажет:

💰 1. Салық берешегі белгіленген шекті мөлшерден асуы тиіс.

2026 жылы бұл шек — 27 000 АЕК, яғни 116 775 000 теңге құрайды.

⏳ 2. Берешек 3 айдан астам уақыт өтелмеген болуы тиіс.

🏦 3. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудың заңнамада көзделген шаралары қолданылған болуы тиіс.

Оларға, мысалы:
🔸 банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
🔸 банктік шоттардағы ақша қаражаты есебінен өндіріп алу;
🔸 дебиторлық берешекті өндіріп алу;
🔸 мүлікке билік етуге шектеу қою және басқа да шаралар жатады.

⚖️ Шектеу соттың санкциясынсыз қолданылмайды.

Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қою туралы қаулыны мемлекеттік кірістер органы шығарады. Қаулыға мемлекеттік кірістер органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және ол соттың санкциялауына жатады.

✅ Салық берешегі толық өтелген жағдайда немесе салық міндеттемесі тоқтатылған кезде уақытша шығуға қойылған шектеудің күші жойылады.

📌 Сондықтан кәсіпкерлер мен ұйым басшыларына:

✔️ салық төлеушінің кабинетіндегі ақпаратты тұрақты түрде тексеруге;
✔️ бюджетпен есеп айырысу жағдайын бақылауға;
✔️ салық міндеттемелерін уақытылы орындауға;
✔️ мемлекеттік кірістер органдарынан келетін хабарламаларға дер кезінде жауап беруге кеңес беріледі.

🔎 Бұл шаралар салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының, соның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеу қоюдың алдын алуға мүмкіндік береді.

📞 Салық берешегінің болуы және оны өтеу тәртібі бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге немесе электрондық сервистерді пайдалануға болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-karaganda/press/news/details/1272910?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version