«Жасанды интеллект – Қазақстанның технологиялық дамуының жаңа бағыты»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту – бүгінгі заман талабы ғана емес, Қазақстанның болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды бағыт. Қазіргі таңда әлем елдері технологиялық даму жолында үлкен қадамдар жасап келеді. Сондықтан Қазақстанның бұл үдерістен тыс қалмай, керісінше, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз цифрлық әлеуетін арттыруы – уақыт талабы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізді жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні экономиканың, білім берудің, мемлекеттік басқарудың және әлеуметтік саланың түрлі бағыттарына енгізу қажет. Бұл ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға, уақытты үнемдеуге және жаңа жұмыс мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашады. 
Әсіресе білім беру саласында жасанды интеллектінің маңызы зор. Жас ұрпақ заманауи технологияларды дұрыс әрі жауапкершілікпен пайдалануды мектеп қабырғасынан меңгеруі керек. 2026 жылғы 12 мамырдағы Президент Жарлығында да орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, педагогтердің біліктілігін арттыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту міндеттері белгіленген.Сонымен бірге цифрландыру тек жаңа технология сатып алумен шектелмеуі тиіс. Оның басты нәтижесі – адамға қолайлы, ашық, тиімді және әділетті қоғам қалыптастыру. Ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты азайтып, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға сапалы интернет, білім беру ресурстары мен мемлекеттік қызметтерге тең мүмкіндік жасау ерекше маңызды.
Меніңше, жасанды интеллект – адамды алмастыратын құрал емес, адамның мүмкіндігін арттыратын қуатты технология болуы керек. Сондықтан технологиялық дамумен қатар цифрлық сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және жауапкершілік мәселелеріне де баса назар аударған жөн.Қазақстанның цифрлық болашағы – ең алдымен білімді, ізденімпаз және жаңа технологияны меңгеруге дайын азаматтардың қолында. Бүгінгі жас ұрпақтың IT, ғылым, инженерия және инновация салаларына қызығушылығын арттыру – елдің ертеңгі экономикалық және интеллектуалдық қуатына салынған инвестиция.
Цифрландырудың түпкі мақсаты – технологияның өзін дамыту емес, сол технология арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру, ел экономикасын күшейту және Қазақстанды заманауи, озық әрі бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру. Бұл бағытта мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткен жағдайда Қазақстанның цифрлық даму мүмкіндігі өте жоғары деп сенемін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-akshoky/press/news/details/1272616?lang=ru

Exit mobile version