Алматының құрметті азаматы, белгілі ғалым және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Асле Әлиқызы Осман II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген жоғары мемлекеттік награданы Президенттің атынан Алматы әкімі Дархан Сатыбалды табыстады.
Асле Осман сондай-ақ Мемлекеттік тіл қауымдастығын басқарады. Ол саналы ғұмырын қазақ тілін дамытуға, оның мәртебесін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық келісімді нығайтуға арнады. Ғалымның қазақ тілінің ерекшелігі мен құрылымына арналған ғылыми-зерттеу еңбектері тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол 200-ден астам ғылыми және аударма мақаланың авторы.
Мемлекет басшысы Асле Османға жолдаған құттықтауында оның ел алдындағы еңбегіне жоғары баға берді.
«Мемлекеттік тіл саясатының мәні мен маңызын көпшілікке ұғындыра отырып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін оятуға әрі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қосқан үлесіңіз зор екені анық. Қазақстанның тұрақтылығын сақтау, қоғамның бірлігін және ұлтаралық келісімді нығайту жолындағы белсенді қызметіңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге», – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Асле Османның қаланың қоғамдық және мәдени дамуына, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан ерекше үлесін атап өтті.
Алматының қоғамдық және рухани-мәдени өміріне белсене атсалысқаны үшін Асле Османға Алматы қаласының құрметті азаматы атағы берілген. Ол бұған дейін II дәрежелі «Достық» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Асле Осман II дәрежелі «Барыс» орденімен қоғамдық және мәдени қызметтегі айрықша еңбегі үшін марапатталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1273923?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау