Абай күніне орай Тараз қалалық пробация қызметінің қызметкерлері ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау мақсатында Абай атындағы кітапханада тағылымды кездесу өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлердің рухани-танымдық деңгейін арттыру, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын қалыптастыру, сондай-ақ Абай шығармалары арқылы адамгершілік, білім, еңбекқорлық пен елжандылық құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Кездесу барысында қатысушыларға Абай Құнанбайұлының өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен қоғамдық ойдың дамуына қосқан үлесі туралы мазмұнды ақпараттар ұсынылды. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі терең философиялық ойлар, адам болмысы, білім мен ғылымға ұмтылу, еңбек ету, адалдық пен әділдік мәселелері кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері Абайдың шығармашылығына арналған әдебиеттермен таныстырып, ақынның мол мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Қатысушылар ұлы ойшылдың шығармаларын парақтап, оның тағылымды ой-пікірлерінің қазіргі заманмен сабақтастығына назар аударды.
Абайдың «Толық адам» тұжырымы, білім мен ғылымды игеруге үндеген өсиеттері, адамды ізгілікке, еңбекке және өзін-өзі жетілдіруге шақырған шығармалары әрбір ұрпақ үшін құнды рухани бағдар болып қала береді.
Тағылымды кездесу барысында кітаптың адам өміріндегі орны мен рухани дамуға тигізер ықпалы да атап өтілді. Өйткені кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін толықтыратын, дүниетанымын қалыптастыратын маңызды рухани құрал. Ал Абайдың шығармашылық мұрасы – ұлттық руханиятымыздың асыл қазынасы.
Іс-шара соңында қатысушылар Абай мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпаққа ұлы ақынның өнегелі ойларын жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Абай сөзі – ұлттың рухани темірқазығы. Ұлы ақынның мұрасы – уақыт өткен сайын мәні арта түсетін мәңгілік қазына.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiszhambyl/press/news/details/1273936?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау