Мерзімді еңбек шарттары бойынша жұмыскерлер
Еңбек кодексі «уақытша жұмыскерді» дербес санат ретінде бөліп көрсетпейді. Жұмыстың сипаты мен мерзіміне қарай Еңбек кодексінің 30-бабында көзделген негіздер бойынша мерзімді еңбек шарты жасалады.
Мерзімді еңбек шарты:
1) бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге;
2) белгілі бір жұмысты орындау уақытына;
3) уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына;
4) маусымдық жұмысты орындау уақытына;
5) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жергілікті атқарушы органдар беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың, еңбекші көшіп келушіге рұқсаттың және өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері шегінде жасалуы мүмкін.
Шарттың мерзімі мен негізі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес келуге тиіс. Құжаттарда «уақытша жұмыс» деген сөздердің көрсетілуі өздігінен мерзімді еңбек шартын жасасудың заңда белгіленген негізін алмастырмайды.
Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған мерзімді еңбек шарты екі реттен артық ұзартылмайды. Еңбек қатынастары жалғасқан кезде, заңнамада тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Шарт мерзімінің аяқталуы
Мерзімді еңбек шартын оның мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтату Еңбек кодексінің 49-бабының 2) тармақшасы негізінде, Еңбек кодексінің 51-бабында белгіленген тәртіп сақтала отырып жүргізіледі.
1) егер шарт белгілі бір жұмысты орындау уақытына жасалса – осы жұмыстың аяқталған күні оның мерзімі аяқталған күн болып табылады;
2) егер шарт уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына жасалса – жұмыс орны сақталған жұмыскердің жұмысқа шыққан күні оның мерзімі аяқталған күн болып табылады;
3) егер шарт маусымдық жұмысқа жасалса – ол маусым аяқталған кезде тоқтатылады.
Мерзімді еңбек шарттары бойынша жұмыскерлер, егер Еңбек кодексінде өзгеше тікелей көзделмесе, басқа жұмыскерлермен тең дәрежеде еңбек құқықтары мен кепілдіктерін пайдаланады. Оларға еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты және тынығу уақыты, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы, сондай-ақ еңбек шарты тоқтатылған кезде демалыстың пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлеу жөніндегі талаптар қолданылады.
Шарттың мерзімді сипаты өздігінен сынақ мерзімін белгілеуге кедергі келтірмейді. Еңбек кодексінде тікелей көзделген жағдайлар, соның ішінде маусымдық жұмыстарды орындау, бұған жатпайды.
Еңбек шартының түрін айқындау кезінде жұмыстың нақты сипатын және Еңбек кодексінде көзделген негіздерді басшылыққа алу қажет. «Уақытша жұмыскер» ұғымын пайдалану жұмыс берушіні еңбек қатынастарын тиісті түрде ресімдеу және заңда белгіленген кепілдіктерді сақтау міндетінен босатпайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-enbek/press/news/details/1273857?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау