Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің облыстағы аудан, қала тұрғындарымен кездесуі жалғасып жатыр. Бұл жолы облыс әкімі Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде облыс басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы өңірде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы тоқталды.
– Түлкібас ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі көлемі 2026 жылдың 6 айында 50,2 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 34,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,8 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 8,4 млрд теңгені құрап, 13,4 есеге өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 18,5 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,4 пайызға артты. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен Түлкібас ауданы 2-ші орынға тұрақталды. Алдағы уақытта да осы оң қарқынды сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, жаңа жобаларды іске асыруға бірлесе еңбек етеміз деп сенемін. Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар өзекті мәселелер шешімін табуда. Біздің басты мақсатымыз – облыстың барлық аудан, қалаларының экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру. Баршаңызды осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге шақырамын. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, күнделікті үйіміздің айналасын, көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Жаңа Конституциямыз заңды күшіне еніп, елімізде 23 тамыз күні Құрылтай сайлауы өтетін болады. Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға, елдің тұрақты дамуы мен болашағына бағытталған жауапты қадам, – деген Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
Түлкібас ауданында 2026 жылдың 6 айында сауда көлемі 8,2 млрд теңгені құраса, өсім �5 пайызға жетті. Құрылыс көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 28,2 пайызға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үй 12,8 мың шаршы метр, өсім 12,5 пайызды көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 22,7 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,2 пайызға артты. Өзіндік кірістер 4,9 млрд теңгені құрап, 17,8 пайызға ұлғайды. Ал, салықтық түсімдер 4,2 млрд теңгені құрап, 2,4 пайызға артты.
Сондай-ақ, ауданда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Бүгін Түлкібас кентінде орналасқан жаңа теміржол вокзалы ашылды. Өткен жылы Даубаба елді мекенінде 100 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Майтөбе ауылындағы стадион күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар 100 орындық Бақыбек ауылдық клубы және Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мәдениет үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Одан бөлек, Қараағашты ауылындағы мектепте қосымша 150 орындық ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жабағылы, Машат ауылдарының ауыз су жүйесі қайта жаңартылып, іске қосылды. Оған қоса, 23 елді мекенінің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті.
Жиында аудан әкімі Асқар Естібаев аудандағы жалпы инвестициялық жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, биыл ауданда жалпы құны 77,6 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде, 1222 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба іске асырылып, 113 жаңа жұмыс орны құрылды. Қалған 20 жобаны жыл соңына дейін іске асыру жоспарланып отыр.
Ашық диалог алаңында тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Облыс әкімі әрбір мәселені мұқият тыңдап, жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді. Әсіресе, халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Былтыр Түлкібас ауданында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан жалпы 9 мәселе көтеріліп, бүгінде 6-ы толық орындалып заңнама аясында түсіндірмелер берілді.
Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен шағымдарын тыңдады. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапса, бірқатар мәселелерді заң аясында шешу бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1273259?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау