Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Шағангүл Жанаевамен кездесті.
Кездесуде өңірдегі білім саласының өзекті бағыттары, педагог кадрларды даярлау мәселелері талқыланды.
Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж – жүз жылдан астам тарихы бар, еліміздегі алғаш құрылған білім ордаларының бірі. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды алаштың ардақтылары осында білім алған. 1967 жылы Мұхтар Әуезовтің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу орнына ұлы жазушының есімі берілді.
Бүгінде колледжде 100-ден астам мұғалім еңбек етеді. Оның 44-і – жоғары санатты педагог. Ұжым құрамында ғылым кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегерлері, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерінің иегерлері бар.
Облыс әкімі педагог даярлайтын білім ордаларының жұмысы өңірдегі білім сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Мұғалім даярлау – үлкен жауапкершілік. Мектепке баратын әр маманның білімі мен біліктілігі ертеңгі ұрпақтың сапалы білім алуына әсер етеді. Сондықтан педагогикалық білім беруді дамытуға, оқу үдерісін жетілдіруге және білікті кадрлар даярлауға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.
Кездесу барысында Шағангүл Жанаева колледждің қазіргі жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы айтып, келер жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 130 жыл толуына орай өткізілетін мерейтойлық іс-шараларға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Аймақ басшысы кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің назарға алынып, жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1274008?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау