Абай облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мас күйінде көлік басқарған азамат анықталды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Семей–Долон–Қоянбай автожолындағы кезекті рейдтік іс-шара барысында сағат 21:49 шамасында ABS маркалы скутерді басқарған 51 жастағы азаматты тоқтатты. Құжаттарды тексеру және әңгімелесу кезінде жүргізушіден алкогольге тән иіс сезілген.
Осыған байланысты азамат медициналық куәландырудан өткізілді. Сараптама нәтижесінде оның көлік құралын жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталды.
Аталған факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар соттың қарауына жолданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық бұзушылық жасаған тұлғаға 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза көзделген. Көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды.
Мас күйінде рөлге отыру – жай ғана жол қозғалысы ережесін бұзу емес. Бұл – өз өмірімен қатар, жолдағы басқа адамдардың өмірін қауіпке тігу. Бір сәттік жауапсыздық қайғылы салдарға әкеліп, орны толмас өкінішке айналуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жалғастыруда. Әрбір рейдтің мақсаты – хаттама толтыру немесе жазалау ғана емес, ең бастысы – жолдағы адам өмірін сақтау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1273584?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау