Сандықтау ауданында дамудың негізгі мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесуінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және туризмді дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу басында өңір басшысы Конституциялық реформаны іске асырудың және 23 тамызда бір палаталы Парламент – Құрылтайға өтетін сайлаудың маңыздылығына тоқталып, азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуының маңызын атап өтті.

Марат Ахметжанов агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударды. Соңғы екі жылда ауданда майлы дақылдар егілетін алқап көлемі 80 мың гектарға дейін ұлғайды. 2026 жылы «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие көлемі екі еседен астам өсіп, 9,3 млрд теңгені құрады. Ауданда жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайтын агроөнеркәсіптік кешендегі 11 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалар аясында астық қоймаларын, астық тазалау кешендерін және мал шаруашылығы базаларын салу көзделген.

«Экономиканың ауыл шаруашылығынан тыс базасын кеңейту қажет. Биыл жалпы сомасы 2,1 млрд теңгені құрайтын тағы бес инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Инвесторларды белсендірек тарту, пайдалы қазбалар кен орындарының әлеуетін пайдалану және Балкашино кірпіш зауытының жұмысын қайта жандандыру мүмкіндігін қарастыру қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.

Туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Аудан экологиялық, белсенді және аңшылық туризмді дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Қазірдің өзінде аңшылық шаруашылықтарын, этноауылды, қонақ үйлер мен агротуризмді дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Аудан әкімдігіне туристік мүмкіндіктерді белсендірек ілгерілету және кәсіпкерлерге қолдау көрсету тапсырылды.

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, Каменка ауылына кіреберістегі су өткізгіш құрылысты жөндеу басталды. Сондай-ақ Мәдениет – Мариновка автожолының 31 шақырымдық учаскесін жөндеуге дайындық жүргізілуде. Балкашино ауылында Жабай өзенінің арнасы 5,2 шақырым бойы тереңдетіліп, кеңейтілді және көлемі 1,5 млн текше метр болатын су жинақтағыш құрылды. 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында он елді мекенде тағы 15 іс-шара өткізу жоспарланған.

Сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қызыл Поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарында топтық су құбырының іске қосылуы аяқталуға жақын. Ол мыңнан астам тұрғынды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етеді. Балкашино ауылында жаңа қазандық пен жылу желілерінің құрылысы аяқталуда. Нысанды іске қосу жылыту маусымы басталғанға дейін жоспарланған.

Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл ауданда Лесное және Каменка ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ Байдалы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 20 елді мекендегі 5 мыңнан астам тұрғын заманауи алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қол жеткізеді.

Білім беру саласында 2026 жылы бірқатар нысандарды жөндеу жұмыстары жалғасып, жылыту жабдықтары жаңартылуда. Сонымен қатар Балкашино ауылының №2 мектебі үшін инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті сатып алынды.

Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі жергілікті атқарушы органдардың алдына экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер қойылғанын атап өтті.

Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылым тапшылығы мәселесін шешу, сондай-ақ «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына қатысуды жоспарлап отырған шаруашылықтарға қажетті сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз ету қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1274018?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version