ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТАҒЫ СУСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІСТІК ҚУАТЫ ЕСЕЛЕНЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысының Түлкібас ауданында ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін «Beibars Bottlers» ЖШС зауытының екінші кезеңінің капсуласын салу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгін облысымыздың өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын маңызды жобаның жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тартуды экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нақты нәтижесінің бірі – «Beibars Bottlers» кәсіпорны. Зауыттың бірінші кезеңінде 2025 жылдың қазан айында қуаттылығы 120 мың тонна алкогольсіз сусын өндіретін зауыт іске қосылып, жобаға 9 млрд теңге инвестиция тартылды. 100-ден аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Кәсіпорынның бюджетке қосқан үлесі де жоғары. Жыл қорытындысы бойынша бюджетке жалпы 450 миллион теңгеге жуық салық түседі деп күтілуде. Кәсіпорынның шығаратын өніміне деген сұраныс жоғары. Соның арқасында бүгін кәсіпорынның қуаттылығын ұлғайту үшін екінші кезеңінің іргетасын қалап отырмыз. Нәтижесінде, жылына жалпы 400 мың тонна алкогольсіз сусын өндіріліп, бюджетке жыл сайын жалпы 800 млн теңгеге жуық салық түседі деп күтілуде. Бұл – өңір экономикасы үшін маңызды көрсеткіштер. Облыс әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыра береді. Инвесторларға осы жобаны жүзеге асырып отырғаны үшін алғысымды білдіремін. Кәсіпорын ұжымына табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Аталған жоба – өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі. Кәсіпорынның І кезеңін іске асыруға 9 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 мың тоннаны құрайды.
Кәсіпорын темір және пластикалық құтыдағы «RC» маркалы сусындар өндіреді. Өндірілген өнімнің 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға экспортталса, 23 пайызы ішкі нарықта сатылады.
Кәсіпорынның өндірістік қызметін тұрақты жүргізуіне қажетті инженерлік инфрақұрылым мемлекет тарапынан қамтамасыз етілді. Зауыттың іске қосылуы ауданның экономикалық белсенділігін арттырып, жергілікті бюджет кірістерінің ұлғаюына да оң әсерін тигізіп отыр.
Өндірісті одан әрі кеңейту мақсатында жобаның ІІ кезеңін іске асыру көзделген. Оған 8,4 млрд теңге инвестиция бағытталмақ. Жоба толық қуатына шыққан кезде кәсіпорында қосымша 90 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытты келесі жылы іске қосып, жалпы өндірістік қуатын жылына 400 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Жобаның екінші кезеңін толық әрі сапалы іске асыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешіледі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданына іссапар барысында Жабағылы ауылдық округінде орналасқан «Қарқын Трейд» ЖШС құс фабрикасының құрылыс жұмысымен танысты.
Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабрикасының құрылысы жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 53,7 млрд теңге. Нәтижесінде, 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехі және тоңазытқыш қоймалар салу көзделген.
Жоба үш кезеңнен тұрады. Жобаны қаржыландыруға «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан 5 млрд теңге несие бөлінді. Бүгінгі таңда 10 құс фермасының темір қаңқасы тұрғызылып, сэндвич панельмен қапталуда. Сонымен қатар құс сою бекетінің жерді тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қыметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1273944?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version