Астанада Спорт күні қарсаңында «Қазақстандағы спорт – реформалардан нәтижеге дейін» атты спорт конференциясы өтіп жатыр. «Қазақстан спортының болашағы: медицина, ғылым және цифрландыру» пленарлық сессиясында спорт медицинасы мен оңалтуда жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Пленарлық отырыстардың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігі. Бұл қазіргі және мансабын аяқтаған спортшыларды біріктіретін, спорт қауымдастығының мүддесін мемлекетпен диалогта білдіретін тәуелсіз ұйым.
Спорт медицинасына жасанды интеллектті енгізудегі басты тапшылық технология емес, сапалы дерек, әдіснама және ұйымдастырушылық дайындық. Бұл туралы Қазақ ұлттық спорт университетінің жетекші ғылыми қызметкері, спорт медицинасы және оңалту магистрі, физикалық медицина және оңалту дәрігері Серік Мүкиев мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде шамамен 2,4 миллиард адамның жағдайы оңалтуды қажет етеді. Элиталық футболда жарақат көрсеткіші жаттығу мен жарыстың мың сағатына 8-ден 30-ға дейін жетеді. Бір мезгілде үш фактор тоғысты: киілетін датчиктер мен смартфондардан алынатын деректер, машиналық оқыту және компьютерлік көру алгоритмдері, технологиялардың қолжетімділігі. Он жыл бұрын қымбат биомеханикалық зертхана қажет болатын кейбір міндеттер бүгінде смартфон мен бағдарламалық жасақтама арқылы шешіледі.
Баяндамада бес нақты бағыт ұсынылды:
- қозғалысты цифрлық талдау зертханасы. Маркерсіз бейнетүсірілім, инерциялық датчиктер, күш платформалары, динамометрия. Спортшыларды скринингтен өткізу, ғылыми зерттеу және студенттерді даярлаудың бірыңғай алаңы;
- спортшының ұлттық дерекқоры. Қандай дерек, қандай форматта жиналатыны, жүктеме, жарақат, тестілеу және оңалту нәтижелерінің қалай тіркелетіні туралы стандартталған хаттама;
- білім беру. Бакалавриат пен магистратураға арналған деректерді талдау және жасанды интеллект модулі, дәрігерлер мен жаттықтырушыларға арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары;
- зерттеу серіктестігі. Спорт университеті, медициналық және техникалық жоғары оқу орындары, клиникалар, федерациялар мен құрама командалардың бірлескен жұмысы;
- технологиялар трансфері. Идеядан прототипке, одан нақты тәжірибеде сынақтан өткен пилоттық өнімге дейінгі жол.
«Құндылық жабдықта емес, деректер, талдау, клиникалық шешім, нәтиже және кері байланыс тізбегінде. Жасанды интеллект дәрігерді де, жаттықтырушыны да алмастырмайды, ол маманның тәжірибесін кеңейтеді», – деді Серік Мүкиев.
Сессия барысында саладағы кедергілер де атап өтілді. Бүгінде елде спорттық жарақаттар мен оңалту нәтижелері бойынша толыққанды ұлттық дерекқор жоқ, клиникалардың, спорт ұйымдарының, федерациялар мен құрамалардың ақпараттық жүйелері бір-бірінен бөлек жұмыс істейді, медицинаны, спорт ғылымын және деректерді талдауды қатар меңгерген мамандар жеткіліксіз.
Сонымен қатар елде цифрлық инфрақұрылым дамып келеді, смартфон қолдану деңгейі жоғары, кәсіби қауымдастық шағын, демек бірыңғай стандарттарды тезірек келісуге болады, оңалту робототехникасы бойынша өз инженерлік әзірлемелеріміз бар. Бұл басқа елдердің жолын толық қайталамай, бірыңғай цифрлық контурды бірден жобалауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1273540?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау