ЖАНКЕНТ ЖАСТАРЫ – ЖАСТАР МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ!

Жарияланды:

Автор:

категорияда
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Өркендеу ауылдық округі әкімі аппаратының жанындағы «Жанкент жастары» жастар ұйымы мен Жанкент ауылдық мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Арт уақыт» жобасы аясында ауыл жастарына арналған «Заң мен тәртіп, Таза Қазақстан және жастар – жарқын болашақтың үш тірегі» атты мерекелік концерттік кеш өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында заң мен тәртіптің маңыздылығын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы қоғамға жауапкершілігі жоғары, саналы әрі белсенді азамат қалыптастыру. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеясы аясында қоршаған ортаны қорғауға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жанашырлықты арттыруға үндеу.
Жастарды ел болашағының негізгі тірегі ретінде тәрбиелей отырып, олардың қоғамдық белсенділігін, отансүйгіштік қасиетін арттыру, бірлікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу да кештің негізгі бағыттарының бірі болды.
Мерекелік кешті «Жанкент жастары» жастар ұйымының төрағасы, Жанкент ауылдық мәдениет Үйінің әдіскері Мурзалиев Талап ашып, жүргізді.
Кеш барысында ауыл жастары өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жастар ұйымының мүшелері Сәндібек Өркен мен Мырзамұрат Дильназ караокеде ән орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ән үйірмесінің мүшелері Муса Айару мен Қойшыбай Айару «Беу, айдай» әнін орындап, өздерінің өнерлерін паш етті.
Сондай-ақ Жанкент ауылдық мәдениет Үйінің әдіскері Мурзалиев Талап «Жанкент жаңғырығы» әнін орындаса, мәдениет Үйінің сүйемелдеушісі Әлиев Әнуар «Ауылға барам» әнін орындап, кештің сәнін келтірді.
Мерекелік кеш барысында жастардың белсенділігін арттыру мақсатында түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, көрермендер арасында көңілді сайыстар өткізілді. Жанды дауыста әндер шырқалып, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Кеш соңында «Асыл әке» аралас тауарлар дүкенінің демеушілігімен, сондай-ақ ауыл жастары мен Жанкент ауылдық мәдениет Үйі ұжымының қолдауымен балаларға балмұздақ таратылды.
Мерекелік шара көтеріңкі көңіл-күймен би кешіне ұласып, жастар үшін есте қаларлық тамаша кеш болды.
Жастар – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Осындай тағылымды әрі көңілді шаралар жастардың бірлігін нығайтып, шығармашылық қабілетін арттырып, туған елге деген сүйіспеншілігін күшейте түсетіні сөзсіз.
Жанкент жастары – жарқын болашаққа бірге!
Бірлік бар жерде – береке бар!
Жастар бар жерде – жаңғыру бар!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-orkendeu/press/news/details/1273090?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version