Ақмола облысында Спорт күні аталып өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында Қазақстан Республикасының Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Өңір басшысы Марат Ахметжанов спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Спорт күні дене шынықтыру мен спортты дамытуға өздерінің кәсібилігі, еңбегі және өз ісіне деген адалдығы арқылы үлес қосып жүрген азаматтарды ұлықтауға арналған маңызды алаңға айналды. Спортшыларға, жаттықтырушыларға және Ақмола спортының дәстүрін сақтап, оны жалғастырып келе жатқан сала ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінді.

«Мемлекет басшысы дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып, әрбір тұрғын үшін, әсіресе жастар үшін спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер қойып отыр. Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында спорт саласы жыл сайын қарқынды дамып, жаңа спорт нысандары салынуда. Соның нәтижесінде тұрғындар спортпен белсенді айналысып, чемпиондардың жаңа буыны қалыптасып келеді.

Бүгінде облыста 350 мыңға жуық адам спортпен шұғылданады. 2025 жылы 13 спорт нысаны пайдалануға берілді, оның 7-еуі ауылдық елді мекендерде орналасқан», – деді Марат Ахметжанов.

Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі – Ақмола облысының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжат тараптардың әлеуметтік маңызы бар үш жобаны іске асыру бағытындағы өзара іс-қимылын көздейді. Атап айтқанда, Қосшы қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, футбол стадионы мен облыс орталығындағы Инклюзивті спорт орталығын жабдықтау жоспарланған.

Іс-шара аясында спорт саласының өкілдерін марапаттау рәсімі де өтті. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спорт мекемелерінің басшылары мен сала мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Сондай-ақ Қазақстанды ірі халықаралық жарыстарда таныстыруға жолдама алған Ақмола облысының спортшыларына құрмет көрсетілді. 2026 жылы өңір өкілдері триатлон, садақ ату, бокс, джиу-джитсу, ММА, парапауэрлифтинг, параспорттық ату және паражүзу бойынша Азия және Пара Азия ойындарына қатысу лицензияларына ие болды.

Ақмолалық спортшыларға қолдау білім беру саласында да жалғасуда. Биыл «Оқжетпес» командасының екі футболшысы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің атаулы гранттарына ие болса, үш жас спортшы Қазақ спорт және туризм академиясының білім беру гранттарының иегері атанды. Олардың қатарында Қазақстан жасөспірімдер арасындағы үстел теннисінен чемпионатының күміс жүлдегері Меруерт Тәжимова да бар.

«Спорт академиясының гранты – менің спорттағы жетістіктерімді мойындау ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік пен алға ұмтылуға берілген зор ынталандыру. Мені үнемі қолдап, маған сенім білдіріп, нәтижеге жету жолында көмектесіп келе жатқан барша жаттықтырушыларыма алғысымды білдіргім келеді. Бұл грант маған білімімді жалғастырып, сонымен қатар спортта дамуыма мүмкіндік береді. Маған көрсетілген сенімді ақтап, өңірімізді лайықты танытып, жаңа жеңістерге жетуге бар күшімді саламын», – деді Меруерт.

Мерекелік іс-шара аясында 2026 жылғы қыркүйекте Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын спортшыларға да ақшалай сертификаттар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1274653?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version