Коммуналдық секторды жаңғырту: өңірлерге нақты міндеттер қойылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағандыда «Энергетикалық мен коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының Жобалық офисінің көшпелі отырысын өткізді. Өңірлердегі жобалардың орындалу қарқыны, конкурстық процедуралардың барысы мен қаржыландыру, сондай-ақ коммуналдық саланы цифрландыру мен есептеу құрылғыларын орнату мәселелері қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz. 2026 жылы еліміздің тұрғын үй-коммуналдық саласына 1,3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды, оның 791 млрд теңгесі ЭКСЖ Ұлттық жобасы аясында бөлінді. Қазіргі уақытта 328 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 457 млрд теңге болатын тағы 257 жоба бойынша конкурс жүріп жатыр. Ал 228 нысан бойынша мердігер мекемелер анықталып қойған. Жалпы оң қарқынға қарамастан, өңірлердегі жобаларды дайындау мен бастау жылдамдығы әртүрлі болып тұр. Мониторинг дерегіне сүйенсек, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында конкурс өткізу және келісімшарт жасасу жұмыстары әлі де баяу жүріп жатыр. Қанат Бозымбаев жөндеу маусымының мерзімі шектеулі екенін ескеріп, өңірлерден жұмысты жеделдетуді талап етті. Жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасын тездетіп өткізуді қоса алғанда, Үкімет деңгейіндегі қажетті шешімдердің барлығы қабылданды. Әкімдердің саланы бақылайтын орынбасарларына Ұлттық жобаның орындалуын жеке бақылауға алу, ал түйткілді мәселелер туындағанда оларды Жобалық кеңсеге және Үкімет Аппаратына дереу жеткізіп отыру тапсырылды. «Жөндеу маусымы өте қысқа. Жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасын тездетуді қоса алғанда, Үкімет деңгейіндегі қажетті шешімдердің бәрі қабылданды. Ендігі кезең әкімдіктерге байланысты. Әкімдердің осы саланы бақылайтын орынбасарлары Ұлттық жобаның орындалуын жеке бақылап отыру керек», — деді Қанат Бозымбаев. 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін өңірлер дайын құжаттамасы бар жобалар бойынша жөндеу жұмыстарын бастап, ЭКСЖ Электронды платформасы арқылы 2027 жылға өтінім беріп үлгеруге тиіс. Сонымен бірге қалған нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуді және сараптамадан өткізуді тездету тапсырылды. Ал «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ биылғы барлық жобаның қаржыландырылуын қамтамасыз етуі керек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1274204?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version