Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл және Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойына орай Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен облыстық «Smart Battle: Жастардың білім сайысы» зияткерлік байқауы жоғары деңгейде өтті.
Жастардың білімін шыңдап, ой-өрісін кеңейтуге бағытталған тағылымды іс-шараға Жамбыл облысының аудан-қалаларынан келген жастар командалары қатысып, өзара білім мен біліктіліктерін, тапқырлықтары мен жылдам ойлау қабілеттерін сынға салды.
Зияткерлік дода ең алдымен жастардың шешендік қабілетін жетілдіру, логикалық және сыни ойлау дағдыларын дамыту, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру және білім көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.
Сонымен қатар байқау аясында Мемлекет басшысы ұсынған 30 кітапты жастар арасында кеңінен насихаттауға ерекше мән берілді. Бұл бастама жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың сөздік қорын байытуға, ой қорыту қабілетін жетілдіруге және еркін пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Білім бәйгесіне Жамбыл облысының 7 ауданынан келген командалар қатысып, бес кезең бойынша бақ сынады. Әр кезең қатысушылардың білім деңгейін ғана емес, сонымен қатар олардың логикалық ойлауын, тапқырлығын, шапшаңдығын және командалық жұмыс қабілетін саралауға мүмкіндік берді.
Сайыс барысында қатысушылар түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды. Тартысты өткен кезеңдерде жастар ұтымды жауаптарымен, жылдам шешім қабылдауымен және өзара ұйымшылдығымен ерекшеленді. Әрбір команда жеңіске деген жігерін танытып, білім додасының көркін қыздырды.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев қатысып, сайысқа қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде аудан әкімі жастардың білімге, ізденіске және жаңа бастамаларға деген құлшынысы елдің жарқын болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ мұндай зияткерлік жобалардың жастардың қабілетін ашып, олардың өзара тәжірибе алмасуына және жаңа орта қалыптастыруына мүмкіндік беретініне тоқталды.
Бес кезеңнен тұратын тартысты бәсеке нәтижесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Сайыс қорытындысы бойынша:
Бас жүлде – Жамбыл ауданының командасына;
ІІ орын – Шу ауданының командасына;
ІІІ орын – Меркі ауданы мен Шу қаласының командаларына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, сертификаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.
«Smart Battle: Жастардың білім сайысы» – жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, білім мен кітап оқудың маңызын насихаттауға бағытталған мазмұнды жобалардың бірі болды. Байқау барысында қатысушылар тек білімдерін сынап қана қоймай, пікір алмасып, жаңа достық байланыстар орнатып, командалық жұмыс пен өзара қолдаудың маңызын сезінді.
Мұндай зияткерлік сайыстар жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, өз ойын еркін жеткізуіне, сыни тұрғыдан ойлауына және көшбасшылық қабілеттерін жетілдіруіне оң ықпал етеді.
Сонымен қатар облыстың әр өңірінен келген жастардың бір алаңда бас қосуы өңіраралық достық пен ынтымақтастықты нығайтып, жастар арасында тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Мойынқұм ауданының 60 жылдығы мен Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Smart Battle: Жастардың білім сайысы» – мерейлі даталарды тағылымды әрі мазмұнды іс-шаралармен сабақтастырған маңызды жоба болды.
Білімді, ізденімпаз, ойы ұшқыр және ел болашағына бейжай қарамайтын жастардың басын қосқан бұл сайыс алдағы уақытта да осындай мазмұнды жобаларды жүзеге асыруға серпін беретіні сөзсіз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1274228?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау