Қарағанды облысында экологиялық туризмді дамытуға басымдық берілуде. Өңірдегі Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Бұйратау ұлттық паркі туристерді тартатын негізгі нысандарға айналмақ. Инвесторларға ашылатын мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау шаралары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде талқыланды.
Бизнес өкілдері үшін ұлттық парктің төрт функционалдық аймағының екеуі — рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтары айрықша қызығушылық тудырады.
Рекреациялық аймақта кәсіпкерлер туристік маршруттар әзірлеп, жаяу, атпен және аралас бағыттағы соқпақтар ұйымдастыра алады. Жер учаскелері бес жылға дейінгі мерзімге уақытша нысандарды — шатырлы лагерьлер, глэмпингтер, кемпингтер және өзге де күрделі құрылыс нысанына жатпайтын нысандарды орналастыру үшін беріледі.
— Рекреациялық аймақта туристік маршруттар әзірлеп, жаяу, атпен және аралас бағыттағы соқпақтар ұйымдастыруға болады. Жер учаскелері шатырлы лагерьлер, глэмпингтер, кемпингтер және басқа да уақытша нысандарды орналастыру үшін бес жыл мерзімге беріледі, — дейді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.
Ал ауқымды жобаларды шектеулі шаруашылық қызмет аймағында жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мұнда жер учаскелері 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерге экологиялық қонақүйлер, демалыс орындары және басқа да туристік нысандар салуға рұқсат етіледі.
Туризмді дамыту жолындағы негізгі мәселелердің бірі — инженерлік инфрақұрылым тартуға кететін шығынның жоғары болуы. Өңірде бұл мәселені бюджет қаражаты есебінен шешу жоспарланып отыр. Яғни мемлекет инвестициялық жобаларға қажетті инженерлік желілерді тарту шығындарының бір бөлігін өз мойнына алады.
— Бүгінде туризм саласындағы кез келген жобаның ең қымбат бөлігі — инженерлік инфрақұрылым. Инвесторлар өз жобаларымен келеді, ал су, электр энергиясы мен интернет желісін жергілікті бюджет қаражаты есебінен тартамыз. Бұл өз кезегінде жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуына, жұмыс орындарының ашылуына және туристік саланың дамуына мүмкіндік береді, — деп түсіндірді Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Мұндай тәсілдің нақты мысалдарының бірі — аттас таудың етегінде орналасқан «Бұғылы» рекреациялық аймағының жобасы. Аумағы 75 гектар болатын жерде экологиялық және этномәдени демалысты белсенді ойын-сауық түрлерімен үйлестіретін ірі туристік кешен құру жоспарланып отыр.
Жоба бес функционалдық аймақты қамтиды. Олар — экотуризм, этноауыл, ойын-сауық саябағы, демалыс үйі және тау шаңғысы кешені. Сонымен қатар аумақта қонақүйлер, пансионаттар, глэмпингтер, мейрамханалар және 56 қонақ үйін салу көзделген.
Кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін де пайдалана алады. Атап айтқанда, туристік нысандар салуға, санитариялық-гигиеналық тораптар жасауға, туристік автобустар мен тау шаңғысы жабдықтарын сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу қарастырылған.
Инвесторларға Туризм басқармасы да жан-жақты қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлер үшін бос жер учаскелері мен сатуға ұсынылған нысандар туралы ақпарат жинақталған инвестициялық гид әзірленді.
— Біз туризм саласына арналған инвестициялық гид әзірледік. Онда бос жер учаскелері мен кәсіпкерлер сатуға ұсынған нысандар туралы ақпарат жинақталған. Бұл ұсыныстарды олардың келісімімен бір арнаға тоғыстырдық және жаңа жобаларға ашықпыз. Сонымен қатар бизнеске туризм саласында дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді шешуге және мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы жобалардың құнын төмендету мүмкіндіктерін іздеуге көмектесеміз, — дейді Ирина Любарская.
Қарқаралы өңірінің тағы бір маңызды артықшылығы — мұнда туризмді жыл он екі ай бойы дамытуға мүмкіндік беретін зор әлеуеттің болуы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1274034?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау