Қазақстан мен Армения агроөнеркәсіптік өнімдер саудасын арттыру үшін жұмыс тобын құрады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Армения Республикасының Экономика министрі Геворг Папоянмен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар сауда-экономикалық әріптестіктің перспективалық бағыттарын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара жеткізілімдерін кеңейтуді, сондай-ақ аграрлық ғылым және агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

«Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды серіктесі. 2025 жылғы қарашада Мемлекет басшысының Армения Республикасына ресми сапары барысында ауыл шаруашылығы өнімдері саудасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біздің міндетіміз – Қазақстанның экспорттық әлеуетін барынша ашу, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімін кеңейту және тауар айналымының тұрақты өсуіне жағдай жасау», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Армения арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 29%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 44%-ға артты.

Қазақстанның дәнді және майлы дақылдар бойынша айтарлықтай экспорттық әлеуеті бар.

2025 жылы Арменияға алғаш рет бидай партиясы жеткізілді. Биылғы және алдағы жылдары Армения нарығына бидай экспортын едәуір ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Өзара сауданы кеңейтудің перспективалық бағыттарына сондай-ақ майлы дақылдар, ұн, өсімдік майы және макарон өнімдері жатады.

Келіссөздер барысында мал шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда шошқа етін жеткізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. 2025 жылы Арменияға шамамен 500 тонна шошқа еті жеткізілді. Тараптар жеткізілім көлемін ұлғайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

«Біз бәсекеге қабілетті өнімдердің кең ассортиментін ұсынуға және логистиканың тиімділігін арттыру, сондай-ақ екі ел нарықтарында отандық өндірушілердің қатысу аясын кеңейту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деп атап өтті министр.

Кездесу барысында аграрлық ғылым және АӨК-ті цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимыл жөнінде де уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ынтымақтастықты жүйелі түрде дамыту және өзара тауар айналымын ұлғайту мақсатында Айдарбек Сапаров екіжақты жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмыс тобының негізгі міндеттері – жеткізілетін өнім түрлерін кеңейту және сауда көлемін ұлғайту жөнінде нақты шаралар әзірлеу, сондай-ақ аграрлық ғылым мен цифрлық шешімдер салаларындағы ынтымақтастықты дамыту.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға, экспорттық әлеуетті ашуға, өзара жеткізілімдерді кеңейтуге, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенде жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға бағытталған практикалық шараларды іске асыруға мүдделі екендерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1274268?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version