Соңғы күндері Солтүстік Қазақстан облысында жүргізушілер көбіне жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдігін тағу және мотошлем пайдалану ережелерін бұзған. Үш күн ішінде полицейлер осындай 340 фактіні анықтады. Оның 37-сінде жүргізушілер балалардың қауіпсіздігін елемей, оларды арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғыларсыз тасымалдаған.
Жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердің әр бесіншісінен астамы – балалар. Апат салдарынан жарақат алған 414 адамның 90-ы кәмелетке толмағандар. Олардың 67-сі көлік жолаушылары болған.
12 тамызда аяқталған үш күндік «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталды. Патрульдеумен қатар бейнебақылау деректері, оның ішінде дрондар арқылы алынған мәліметтер пайдаланылды. Полицияның ұшқышсыз ұшу аппараттары қала сыртындағы трассаларда да, Петропавл көшелерінде де жол қозғалысын бақылауға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, бейнетіркеу көбіне көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланатын жүргізушілерді анықтауға көмектеседі. Бұл жүргізушінің назарын бөліп, жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Үш күн ішінде тәртіп сақшылары мұндай 197 фактіні анықтады, оның 70-і облыс орталығында тіркелді.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында барлығы 1132 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Олардың ішінде көлікті мас күйінде басқарудың 14 және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 7 фактісі бар. Полицейлер «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты тұрақты түрде жалғастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1274001?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау