Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен аудандық мәслихат ьөрағасы Зиядхан Бүрлібаев арнайы қатысып, аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтады.
Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың бастамаларына қолдау көрсету және еңбегін бағалау – аудан көлеміндегі маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде білімге ұмтылған, еңбек етіп, түрлі қоғамдық бастамаларға белсенді араласатын жастардың қатары артып келеді.
Биыл аудандық Жастар ресурстық орталығының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Екі онжылдық ішінде орталық аудан жастарын бір арнаға тоғыстырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, тың бастамалары мен түрлі жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беріп келеді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі жастар орталығының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан, әр жылдары орталыққа басшылық жасаған азаматтарды арнайы марапаттап, жастармен жұмыс жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
«Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді күші. Ауданымыздың дамуына өз үлесін қосып жүрген білімді, еңбекқор, бастамашыл жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Ал жастар орталығының 20 жылдық тарихы – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді аудан басшысы.
Жиын барысында Жастар ресурстық орталығының директоры Сабит Қадыров орталықтың 20 жылдық тарихына тоқталып, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар мен жастарды қолдауға бағытталған жобалар туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар ауданның құқық қорғау органдарының басшылары да қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, түрлі бастамаларымен көзге түскен бірқатар аудан жастарын арнайы марапаттады.
Шара барысында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қоғамдық белсенділігін арттыру, құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, олардың жаңа бастамалары мен жобаларына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың маңызы айтылды.
Жастар ресурстық орталығының 20 жылдық тарихы – талай жастың қанатын қатайтып, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына жол ашқан маңызды кезең.
Алдағы уақытта да орталық жас буынның әлеуетін ашуға, бастамаларын қолдауға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын жалғастыра бермек.
Халықаралық жастар күні – жалынды жастың талабын қолдап, еңбегін бағалайтын ерекше мереке.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1274258?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау