Бүгін, 15 тамызда, Астанада қазақтың белгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған ауқымды музыкалық іс-шаралар өтті. Композитордың танымал әндері елорданың түрлі алаңдарында шырқалып, әлеуметтік желілерде орындалып, түрлі буын өкілдерін бір арнаға тоғыстырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік іс-шаралардың бірі Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театры әртістерінің қатысуымен өткен музыкалық перформанс болды.
Өнерпаздар композитордың «Арыс жағасында», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Құшақ жайған қандай адам» және халық сүйіп тыңдайтын өзге де әндерін орындады.
Мерекелік бастамаға мәдениет, білім және жастар саясаты саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар, балалар, зиялы қауым мен аға буын өкілдері, сондай-ақ елорданың белсенді тұрғындары да атсалысты.
Олар Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындап, бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялап, музыкалық эстафетаны бір-біріне жолдады.
Елорда көшелерінде блиц-сауалнамалар ұйымдастырылып, онда қала тұрғындары композитордың өздері сүйіп тыңдайтын шығармаларын атады.
Елордалық жастар да мерекелік шараларға үн қосып, қала автобустарында Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындады. Музыкалық акция жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, талай ұрпақтың жадында сақталған әндерді тағы бір мәрте еске салды.
Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқовтың бейнесі елордадағы алып шолу дөңгелегінің экранында көрініс тапты.
Бұл іс-шаралар Шәмші Қалдаяқов мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықпен бірге өмір сүріп келе жатқанын және оның әндері Қазақстанның музыкалық мұрасының ажырамас бөлігіне айналғанын тағы бір мәрте көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1274706?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау