Қорғаныс министрі Shaiqas-2026 инженерлік чемпионатының жеңімпаздарын құттықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Амандық» полигонында Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық инженерлік чемпионаты қорытындыланды.

Ауқымды шараға 17 команда қатысты. Олардың қатарында студенттер, инженерлік мектептердің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және күштік құрылымдар бөлімшелерінің өкілдері бар.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқан Ақмола облысының басшылығына, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Defence Tech Center инновациялық хабына, отандық Barys Dynamics және Saiman компанияларына, сондай-ақ Әскери колледждің басшылығына алғысын білдірді.

Сонымен қатар министр төрешілер алқасына қатысушыларды бағалаудағы объективтілігі мен кәсібилігі үшін ризашылығын жеткізді. Байқау барысында бірегей технологиялық шешімдерге ерекше назар аударылды. Алайда басты бағалау түрі қатысушылардың техниканы, бағдарламалық қамтамасыз етуді және команданың іс-әрекетін біртұтас жүйеге біріктіре білу қабілеті болды.

Министрдің айтуынша, чемпионаттың практикалық маңызы – тапсырмалары Қазақстан Қарулы күштерінің нақты қызмет бағыттарын қамтығанында. Атап айтқанда, әуеден барлау жүргізу, жерүсті роботтандырылған кешендерді пайдалану, киберқауіпсіздік, тактикалық және инженерлік даярлық бағыттары бойынша сынақтар ұйымдастырылды.

– Бүгінде ұрыстың нәтижесін сол алаңды кімнің бірінші көретіні, қарсыластың барлауынан өз әрекетін жасыра алатыны, байланысты сақтап, әскерлердің маневрін қамтамасыз етуі айқындайды. Сондықтан заманауи армия жауынгердің әскери даярлығымен ғана емес, оның ұрыс алаңындағы басымдығын қамтамасыз ететін технологиялық шешімдерімен де мықты, – деді Қорғаныс министрі инженерлік бағыттың стратегиялық маңызын атап өтіп.

Shaiqas-2026 чемпионатының қорытындысы бойынша бірінші орын мен чемпион атағын «Қазақстан инжиниринг» компаниясының R&D орталығының командасы жеңіп алды. Күміс жүлдені ҚР ҚК «Қайсар» командасы (Qaisar VS RK) иеленсе, қола жүлде Saiman командасына бұйырды. Чемпионат жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегеріне – 10 млн теңге, екінші орынға – 5 млн теңге, үшінші орынға – 3 млн теңге табысталды.

«Үздік жерүсті жүйелері» номинациясында Sunqar Engineering Team командасы, «Үздік әуе жүйелері» номинациясында Visvo командасы, ал «Үздік киберқауіпсіздік» номинациясында «Бүркіт» командасы жеңімпаз атанды. Әр номинацияның жеңімпаздары 600 мың теңгеден ақшалай сыйлық алды. Қорғаныс министрі чемпионатқа қатысқан барлық командаларға олардың жарысқа қатысқанын растайтын сертификаттарды табыс етті.

Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, үздік әзірлемелер прототип деңгейінде қалып қоймайды. Олар өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп сынақтан өткізіліп, қажетті сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі. Одан әрі әзірлемелерді сериялық өндіріске шығару және Қазақстан Қарулы күштерінің мүддесіне енгізу жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1274699?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version