Елімізде жыл сайын тамыз айының әрбір үшінші жексенбісінде «Спорт күні» мерекесі атап өтіледі. Осыған орай, Түркістан облысында Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға өңірдің спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар, дене шынықтыру саласының мамандары және спорт жанашырлары қатысты.
Іс-шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты Спорт күнімен құттықтап, өңірде бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Салтанатты жиында облыс басшысы Нұралхан Көшеров өңірде спорт саласының дамуына елеулі үлес қосып, байрақты додаларда көш бастап жүрген бір топ азаматты Грамоталар және Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен бірге «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» медальдарын тапсырды. Сондай-ақ Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиадалық ойындарының жеңімпаздарына 2 және 3 бөлмелі пәтер кілттерін табыстап, еркін күрестен жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне қаржылай сыйақылар табыс етті.
2026 жылғы 7 айдың қорытындысымен облыс спортшылары 876 медаль жеңіп алды. Нақтырақ айтқанда, Әлем чемпионаттарында 15 медаль, Азия чемпионаттарында 66, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 795 медаль қанжығаланды. Одан бөлек, облыс спортшылары ел намысын әлемдік және құрлықтық деңгейдегі ірі жарыстарда қорғау үшін 60 лицензия жеңіп алды. Атап айтқанда, Жапонияның Айти – Нагоя қаласында өтетін ХХ Азия ойындарына 35 спортшы, Пара Азия ойындарына 5 спортшы және Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 20 спортшы қатысады.
Түркістан облысында спортқа айрықша мән беріліп, спорттық инфрақұрылымды дамыту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Бүгінде облыста 493 мемлекеттік және жеке спорт ұйымы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 89 мыңнан астам спортшы спорттың 62 түрімен тұрақты түрде айналысады. Ал дене шынықтырумен тұрақты шұғылданатын тұрғындар саны 866 мың адамнан асып, 43,4 пайызға жетті.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша да нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста 3 595 спорт нысаны бар. Биыл 62 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның ішінде спорт кешендері, спорт залдары, футбол манеждері, спорт алаңдары және стрит-воркаут алаңдары бар.
Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда өңір спортшыларының жетістіктері, жеңістері мен спорт саласындағы маңызды жобалар таныстырылды. Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Облыс өнерпаздары қойылымдар қойып, патриоттық әндер орындады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1274661?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау