Абай облысында спорт саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Берік Уәли Спорт күніне орай өңірдің спорт саласының қызметкерлері мен жаттықтырушыларды, спорт мекемелерінің жетекшілерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде спортты дамыту тек жоғары жетістіктерге ұмтылумен шектелмейтінін, басты мақсат – дені сау ұрпақ тәрбиелеу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс. Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек» – деп айрықша атап өткен болатын. Президент өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға айрықша мән беріп келеді. Спорттағы жеңіс бір күнде келмейтінін жақсы білеміз. Оның артында жылдар бойғы жаттығу, тәртіп, еңбек және табандылық жатыр. Дана халқымыз: «Шын ер жеңсе тасымас, жеңілсе жасымас» дейді. Расында, бұл сөз – спортшының ғана емес, спорт саласында еңбек етіп жүрген әрбір маманның ұстанымы болуы тиіс. Бүгін біз осы саланың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтардың қызметін ерекше атап өтеміз. Сіздердің еңбектеріңіз – бір ғана спортшының тағдырына емес, тұтас ұрпақтың тәрбиесіне әсер ететін үлкен жауапкершілік. Бүгінгі марапат – сіздердің еңбектеріңізге көрсетілген құрмет. Еңбектеріңіз ел алдында еленіп, абыройларыңыз арта берсін», – деді Берік Уәли.

Салтанатты шара барысында өңірдің спорт саласының дамуына үлес қосып келе жатқан бірқатар азаматтар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен үстел теннисінен білікті жаттықтырушы, спорт саласында 25 жыл еңбек еткен Бауыржан Шайхин марапатталды. «Еңбек ардагері» төсбелгісі спорт саласының ардагері Ақылтай Жарылғановқа табысталды. «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне волейболдан біліктілігі жоғары жаттықтырушы Думан Исабаев пен Абай облысының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубының басшысы, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төреші Болат Ақжігітов ие болды. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

Айта кетейік, биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Абай облысының спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 1038 медаль жеңіп алды. Оның 511-ін республикалық жарыстарда, 382-сін Қазақстан чемпионаттарында, 145-ін халықаралық додаларда иеленді.

Халықаралық жарыстарда өңір спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Германияда өткен конькимен жүгіруден жастар арасындағы әлем чемпионатында Вадим Чебардаков пен Анастасия Беловодова әлем чемпионы атанды. Бұл – Абай облысы құрылғаннан бері олимпиадалық спорт түрлері бойынша қол жеткізілген тарихи жетістік.

Қытай Халық Республикасында өткен жасөспірімдер арасындағы спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында Ульяна Пухова мен Саида Қасымжанова Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, командалық есепте қола жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасы спорттық гимнастикадан Азия чемпионатының командалық есебінде 28 жылдан кейін алғаш рет жүлдеге ие болды.

Бүгінде өңір аумағында 21 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Абайға құрмет» акциясы аясында да бірқатар маңызды спорт нысандары салынып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында бірқатар маңызды спорт нысандары бой көтеруде. Батыс Қазақстан облысының қолдауымен Ұшақтар ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Жақында пайдалануға беріледі. Павлодар облысының қолдауымен қаламызда үстел теннисі орталығының, Ақтөбе облысының қолдауымен Жекпе-жек сарайының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадион, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры облыс орталығында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қарағайлы ықшам ауданында инклюзивті спорт кешенінің құрылысын бастады. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында Дене-шынықтыру сауықтыру кешендерін салуды жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1275376?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version