Әйтеке би ауданында халық сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Әйтеке би ауданындағы барлық елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. Жабасақ ауылдық округіне қарасты Аққұм ауылында орталықтандырылған су жүйесінің іске қосылуымен аудан халқының 100 пайызы таза ауызсуға қол жеткізді.

Аққұм ауылында су құбырының құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаны іске асыру барысында мердігер ұйым тарапынан қиындықтар туындап, жұмыстар уақытша тоқтатылды. Кейін мердігер ауыстырылып, құрылыс жұмыстары қайта жалғасып, толық аяқталды. Жобаны іске асыруға 168 миллион теңге бағытталды.

Жүйе іске қосылғанға дейін ауыл тұрғындары құдық суын пайдаланып, суды үйлеріне өздері тасымалдаған. Бұл, әсіресе, егде жастағы тұрғындар үшін күнделікті тұрмыста қосымша қиындықтар туғызып келді.

Нысанның іске қосылуына арналған салтанатты шараға Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, ауыл тұрғындары және мердігер ұйымның өкілдері қатысты.

«Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды міндеттердің бірі. Ауыл тұрғындары үшін бұл жай ғана инфрақұрылымдық нысан емес, күнделікті тұрмыс жағдайын айтарлықтай жақсартатын маңызды жоба. Міне, Аққұм тұрғындарының үйлеріне су келді. Көптен күткен жобаның аяқталғанына қуаныштымын. Ауыл тұрғындарын осы айтулы оқиғамен құттықтаймын», – деді Дәулетияр Тұғузбаев.

Бүгінде Әйтеке би ауданында 27 елді мекен бар. Оның 22-сінде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі жұмыс істейді, ал бес елді мекенде суды сүзгіден өткізетін модульдік кешендер орнатылған. Осылайша, ауданның барлық елді мекені сапалы ауыз суға қол жеткізіп, халықты қамту деңгейі 100 пайызға жетті.

«Біз бұл күнді шамамен төрт жыл күттік. Енді су үйлерімізге тікелей келетін болады. Бұл әр отбасының тұрмысын едәуір жеңілдетеді. Осы күнге жеткенімізге қуаныштымыз. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді ауыл тұрғыны Думан Құрбаев.

Ауыл тұрғыны Гүлнұр Шамауова бұған дейін суды ауылдың басқа шетінен алып, құтылар мен шелектерге құйып, үйге тасуға тура келгенін айтты.

«Әсіресе, қарт адамдарға қиын болды. Енді кранды ашсаңыз болды, су үйге келеді. Бұл біз үшін үлкен жеңілдік әрі маңызды оқиға», – деді ол.

Ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру тапсырмасы аясындағы негізгі міндеттердің бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1274774?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version