Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтар желісі кеңейіп, көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер мен коммерциялық нысандардың меншік иелері мен жалға алушыларына автотұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігі енгізіледі. Тиісті нормалар Алматы қаласы мәслихатының 2026 жылы 30 шілдедегі №324 шешімімен бекітілген Жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа қағидаларында белгіленген. Бұл туралы Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады.
Басты жаңалық: көпқабатты тұрғын үйдегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері мен жалға алушылары нысан орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста өздері таңдаған бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалану құқығын рәсімдей алады.
Тегін пайдалану құқығы әрбір үй-жайға бір көлік құралына беріледі. Бұл ретте нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді. Яғни, таңдалған автотұрақта бос орын болған жағдайда ғана көлікті қоюға болады.
Тегін пайдалану құқығы жерасты паркингтеріне, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған автотұрақтарға, жабық үлгідегі жерүсті автотұрақтарға (көпдеңгейлі) және механикаландырылған автотұрақтарға жүрмейді.
Автотұрақты тегін пайдалану құқығын қалай алуға болады?
Ол үшін арнайы өтініш беру қажет. Құқық қағидаларда көзделген талаптар орындалған жағдайда беріледі. Соның ішінде өтініш берушінің атына белгіленген тәртіппен тіркелген көлік құралы болуы керек.
Негізгі талаптар:
• үй-жай орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста бір автотұрақты таңдауға болады;
• бір үй-жайға бір көлік құралы қарастырылады;
• нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді.
Өтінішті 2026 жылы 17 тамыздан бастап «Алматы паркинг» КМК-ның интернет-ресурсы (almaty-parking.kz) арқылы немесе азаматтардың барлық өтінішін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы eOtinish арқылы беруге болады.
Тегін пайдалану құқығы меншік иесімен бірге тұратын жақын туысына да меншік иесінің жазбаша келісімі негізінде берілуі мүмкін.
Үй-жайды жалға алушыларға тегін пайдалану құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен жалдау шарты негізінде, осы шарттың қолданылу мерзіміне беріледі.
Егер үй-жай немесе көлік құралы ортақ үлестік меншікте болса, тегін пайдалану құқығын алу үшін басқа меншік иелерінің жазбаша келісімі қажет.
Коммуналдық ақылы автотұрақтарды тегін пайдалану тәртібі туралы толық ақпарат «Алматы паркинг» КМК-ның интернет-ресурсында жарияланады.
Алматыда автотұрақтар саны артады
Сонымен қатар қаладағы автотұрақтар желісі де жаңартылады. Биыл қосымша 8 мыңнан астам коммуналдық ақылы автотұрақ орнын ұйымдастыру жоспарланған. Осылайша коммуналдық автотұрақтардың жалпы саны 17 мыңнан 25 мыңға дейін көбейеді.
Жаңа автотұрақтардың қатарында тротуар бойындағы және арнайы алаңдардағы автотұрақтар болады.
Кімдер автотұрақ ақысынан босатылады?
Қағидаларға сәйкес, тиісті растайтын құжаттары бар азаматтардың жекелеген санаттары коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады.
Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, «Ана даңқы» I немесе II дәрежелі ордендерімен наградталған азаматтар, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар, электромобиль иелері жатады.
Осылайша, жаңа жүйеде сараланған тәсіл қарастырылған. Көпқабатты тұрғын үйлердегі үй-жайлардың меншік иелері мен жалға алушылары үйіне жақын орналасқан өздері таңдаған бір коммуналдық автотұрақты тегін пайдалана алады. Ал жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін төлемнен босату тәртібі сақталады.
Жүргізушілер нені білуі керек?
Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтар 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Алаңдық автотұрақтардың, жерасты паркингтердің, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтардың, көпдеңгейлі және механикаландырылған автотұрақтардың жұмыс режимін басқарушы ұйым белгілейді.
Коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдалану ақысы бекітілген тарифке сәйкес автокөліктің автотұрақта тұрған әр минуты үшін есептеледі.
Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтарда жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ көлікті тиеу немесе түсіру қажет болған жағдайда алғашқы бес минутқа ақы алынбайды.
Егер көлік бес минуттан артық тұрса, алғашқы бес минутты қоса алғанда, автотұрақта тұрған барлық уақыт үшін ақы төленеді.
Жаңа қағидалар қаладағы автотұрақ кеңістігін ретке келтіруге, автотұрақтардың қолжетімділігі мен айналымын арттыруға, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің меншік иелері мен жалға алушыларына үйіне жақын жердегі автотұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігін жасауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1275379?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау