Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтөбеде полиция қызметкерлері балаларды тасымалдауға арналған автобустарды тексерді. Білім беру ұйымдарына тиесілі автобустарды тексеру барысында олардың техникалық жай-күйі мен құжаттары, сондай-ақ өрт сөндіргіш, медициналық қобдиша және қажетті жабдықтардың болуы басты назарда болды. Алғашқы тексеруде автобустарда жалпы саны 10-ға жуық кемшіліктер анықталды. Оларды бір апта ішінде жою туралы ұйғарымдар беріліп, қайталанған жағдайдағы жауаптылық туралы ескертілді.
Сондай-ақ, шара барысында полицейлер автобус жүргізушілерімен түсіндіру жүргізіп, сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады. Жүргізушілердің тиісті санатының болуы, медициналық тексеруден өтуі, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы туралы толық айтылды.
Өз кезегінде жүргізушілер балаларды түсіретін аялдамаларға жеке автокөліктердің жиі қойылуы, мектепке іргелес аумақтарды бейнекамералармен жарақтау, балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін жол таңбаларының санын арттыру т.б. мәселелерді көтерді.
Полиция қызметкерлері айтылған әрбір ұсыныс-пікірді мұқият қарап, жүргізушілерді балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде аса жауаптылыққа және өзара іс-қимылға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1275441?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау