БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, соңғы уақытта белең алған алаяқтық пен жеке тұлғаларға қарсы қылмыстардың алдын алу мәселелері аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен мекемеаралық мәжілісте жан-жақты талқыланды.
Аталмыш мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат аппаратының басшысы мен депутаттар, білім бөлімінің басшысы, мектеп директорлары мен директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарлары мен ювеналды полиция инспекторлары қатысты.
Жиында мектептердегі әлімжеттіктің, ерте жүктіліктің, суицидтің, зиянды әдеттердің және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың барысы қаралып, қолайсыз отбасыларды дер кезінде анықтау, ондағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған интернет алаяқтық пен лудоманияның алдын алу, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылып, жауапты сала басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндамалар жасады. Ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне барлық жауапты мекемелерді бірлескен түрде жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды.
Жиын соңында аудан прокуроры Мырзахмет Өтегенов барлық сала басшыларына, мектеп директорлары мен полиция инспекторларына профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, әрбір мәселені назардан тыс қалдырмауды тапсырды. Күн тәртібінде қаралған мәселелер мен берілген тапсырмалардың орындалу барысы 9 айдың қорытындысымен қайта талқыланатынын ескертті.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1274991?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау