Бөрлі ауданы прокуратурасы «Бөрлі ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 24 сәуірдегі № 2-23 шешімін талдау барысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтарының бұзылуына әкеп соққан заң бұзушылықтарды анықтады.
Талдау нәтижесінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актіде мемлекеттік әлеуметтік қолдау алуға құқығы бар азаматтардың жекелеген санаттары үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму қызметтеріне ақы төлеу бойынша жеңілдіктер көзделмегені анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде аталған нормативтік құқықтық актіге тиісті жеңілдіктерді көздейтін өзгерістер енгізілді.
Жеңілдіктер алушылар қатарына Ұлы Отан соғысына қатысушылары, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, Чернобыль АЭС-дағы апаттың салдарынан зардап шеккен азаматтар, Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдар, сондай-ақ экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған азаматтар енгізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 801 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Бөрлі ауданы прокуратурасы халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын қорғау және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zko/press/news/details/1275207?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау