Телефонын көрсетуді сұрап, ізін суытқан: Өскеменде тонау дерегі ашылды
Өскемен қаласында сатушының ұялы телефонын ашық түрде жымқырып кеткен күдікті полицейлердің жедел жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде анықталып, ұсталды.
Оқиға қаладағы базарлардың бірінің аумағында орналасқан сауда дүңгіршектерінің бірінде болған. Ер адам тауар сатып алу сылтауымен сатушыдан ұялы телефонын көрсетуін сұраған. Телефонды қолына алған сәтте оны ашық түрде алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Келтірілген шығын көлемі 30 мың теңгені құрады.
Жедел түрде жүргізілген іс-шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері ШҚО ПД Жедел басқару орталығының инспекторларымен бірлесіп, күдіктінің жеке басы мен жүрген жерін анықтады. Ол – Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны. Күдікті көп ұзамай ұсталды.
Ұрланған ұялы телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Ер адам өз кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті азаматтарға жеке заттарын бейтаныс адамдарға, тіпті қысқа уақытқа болса да, бермеуді ескертеді. Құқыққа қайшы жағдайға тап болған жағдайда, дереу «102» нөміріне хабарласу қажет.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1275063?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау