Түркістан облысының Сайрам және Арыс аудандарындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында демеушілердің қолдауымен жаңа жүзу бассейндері пайдалануға берілді. Жаңа нысандар балалардың спортпен тұрақты айналысуына, денсаулығын нығайтып, жүзу дағдыларын меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар бассейндер олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа қабілеттерін ашуға жол ашады.
Балалардың сапалы білім алып, спортпен шұғылданып, дені сау әрі бақытты болып өсуіне қажетті жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Түркістан облысының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 3 жастан 18 жасқа дейінгі арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда орталықта 50 орындық стационарлық қызмет ұйымдастырылған. Балаларды отбасылық үлгіде тәрбиелеуге бағытталған 5 отбасылық топ жұмыс істейді.
Жаңа бассейндердің іске қосылуы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың физикалық дамуына және қоғамға бейімделуіне қосымша мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1275155?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау