Түркістан облысында сайлау учаскелерінің қолжетімділігі зерделенді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елімізде маңызды саяси науқан – 2026 жылғы 23 тамызда өтетін ҚР Құрылтайы депутаттарының сайлауына белсенді дайындық жүріп жатыр. Осыған байланысты Түркістан облысының аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жанынан арнайы жұмыс (мониторингтік) топтары құрылып, өңірдегі сайлау учаскелерінің ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімділігі жан-жақты зерделенуде.

Жұмыс тобының негізгі міндеті – барлық сайлау учаскелерін аралап, олардың мүгедектігі бар және қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қаншалықты қолайлы екенін іс жүзінде тексеріп, бағалау. Тексеру барысында кіреберіс және шығу жолдарының, сондай-ақ пандустардың халықаралық және отандық стандарттарға сәйкестігіне, есік ойықтарының еніне, арнайы орындардың жабдықталуына, санитарлық жағдайға және көру, есту қабілеті бұзылған азаматтардың қажетті ақпаратты кедергісіз алуына мүмкіндік беретін арнайы құрылғылардың (тактильді тақталар, құлаққаптар және т.б.) болуына ерекше назар аударылуда.

Мамандардың айтуынша, сайлау ортасының қолжетімділігі тек пандустар мен техникалық құралдармен шектелмейді. Ең бастысы – сайлау учаскесінде әр азаматқа құрметпен қарау, қажет болған жағдайда қолдау көрсету және сайлаушының өз таңдауын дербес әрі еркін жасауына барлық жағдайды қамтамасыз ету.

Осы мақсатта жұмыс тобы ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылармен жұмыс істеу кезінде комиссия мүшелерінің әдеп нормалары мен іс-қимыл алгоритмін де жан-жақты зерделеді. Атап айтқанда, мынадай әрекеттер пысықталды:

* сайлаушыны жылы шыраймен қарсы алу;
* құжаттарын тексеру және сайлаушылар тізімінен мәліметтерін анықтау;
* арнайы дауыс беру кабинасына өтуін сыпайы түрде ұсыну және қажетті көмек көрсету.

Сайлау учаскелерін зерделеу нәтижесінде анықталған ұсақ кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар беріліп, оларды уақтылы жою жұмыстары жүргізілуде.

Ерекше қажеттіліктері бар сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мәселесі айрықша бақылауда.

Облыс бойынша осындай азаматтардың жалпы саны – 14 873 адам. Оның ішінде:

* кресло-арбаны пайдаланатындар – 3 365 адам;
* көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтар – 7 643 адам;
* есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтар – 3 865 адам.

Сайлау күні азаматтардың кедергісіз дауыс беруін қамтамасыз ету мақсатында 65 инватакси, 49 әлеуметтік такси, 56 қосымша автокөлік, 209 сурдоаудармашы және 770 жеке көмекші жұмылдырылмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1275476?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version