Ыстанбұл, 2026 жылғы 5 шілде – Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен Ұлттық Домбыра күніне орай Түркияның Ыстанбұл қаласында концерттік іс-шара ұйымдастырылды.
Жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық Домбыра күні – қазақ халқының рухани мұрасын ұлықтап, ұлттық өнерді кеңінен насихаттауға арналған маңызды мереке. Осыған орай Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақ өнеріне жанашыр түрік азаматтарынан құралған шығармашылық ұжым Ыстанбұлдың тарихи әрі туристік көрнекті орындары – Ортакөй алаңы, Галата мұнарасы және Фатих ауданында шағын концерттер ұйымдастырып, қала тұрғындары мен шетелдік туристерге қазақтың күй өнерін паш етті.
Концерттік бағдарламалар барысында қазақтың халық күйлері орындалып, көрермендерге домбыраның ұлттық мәдениетіміздегі орны, оның тәрбиелік және рухани құндылығы туралы кеңінен ақпарат берілді. Қазақтың төл музыкасы жергілікті тұрғындар мен шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, көптеген көрермен ұлттық өнерімізге деген ыстық ықыласын білдірді.
Жыл сайын ұйымдастырылатын домбыра үйірмесінің қорытынды концерті аясында үйірме шәкірттері қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, бір жыл бойы меңгерген өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Концертке жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қазақ диаспорасы, Түркияда білім алып жүрген қазақстандық жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Ұлттық Домбыра күні аясында ұйымдастырылған іс-шаралар Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтып, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл мереке шетелдегі қазақ жастарының ұлттық болмысын сақтауға, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен дәстүрге деген құрметті қалыптастыруға және қазақтың күй өнерін әлем жұртшылығына танытуға бағытталған маңызды мәдени бастамаға айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-istanbul/press/news/details/1275418?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау