ЖЕҢІС – ЕЛГЕ ОРТАҚ ҚУАНЫШ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар, ардагерлер және спорт жанашырлары!
Баршаңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!
 
Спорт – тәртіп пен табандылықты, жігер мен қайсарлықты талап ететін үлкен мектеп. Ал спортшының әрбір жеңісі – жеке жетістігі ғана емес, туған жерінің абыройын асқақтатып, ел мерейін үстем ететін ортақ қуаныш.
 
Төлеби ауданында бұқаралық спортты дамытуға, дарынды жастарды қолдауға және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше мән беріліп келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі «Көшпенділер ойыны» – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастарды ептілікке, батылдыққа, төзімділікке тәрбиелейтін маңызды бастамалардың бірі.
 
Төлеби ауданынан әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген талантты спортшылардың қатары артып келеді. Олардың қатарында жасөспірімдер арасында дзюдодан әлем чемпионы Ернұр Батырғали, еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Бекасыл Асамбек, жастар арасында еркін күрестен әлем чемпионы Едіге Қасымбек, әлем чемпионатының қола жүлдегері Дінмұхаммед Қасымбек және дзюдодан сурдоолимпиада жүлдегері Шадияр Қуандық бар.
 
Ал биыл еркін күрестен әлем чемпионы атанған Бағдәулет Ағабектің жеңісі – Төлеби спортының әлеуеті зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
 
Осы жетістіктердің нәтижесінде 2025 жылы Төлеби ауданы облыс көлемінде спорт саласы бойынша «Ең үздік аудан» атанды. Бұл – спортшыларымыздың, бапкерлердің, ата-аналардың және сала мамандарының ортақ еңбегінің жемісі.
 
Жерлестеріміз үшін алдағы уақытта жауапты жарыстар бар. 16-23 тамыз аралығында Словакияда өтетін әлем чемпионатында Бағдәулет Ағабекке, ал қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарында бақ сынайтын Едіге Қасымбекке, Бақытжан Абдрахманов пен Марат Байкомуровқа сәттілік тілеймін!
 
Сіздерге жеңісті дода, сәтті белдесу, мықты рух пен зор жігер тілеймін! Әрбір жеңістеріңіз туған жерге қуаныш әкеліп, көк Туымыздың әлемдік ареналарда асқақтай беруіне себеп болсын!
 
Спортшыларымызды тәрбиелеп, жеңіске жетелеп жүрген барша бапкерлерге еңбектері үшін алғыс айтамын. Перзентінің әр қадамына демеу болып, талай қиындықты бірге еңсеріп жүрген ата-аналардың қолдауы да ерекше құрметке лайық.
 
Төлебилік спортшылардың жеңісті жолы жалғаса берсін!
Ел мерейін үстем ететін чемпиондарымыз көп болсын!
 
Баршаңызды Спорт күнімен құттықтаймын!
 
Төлеби ауданының әкімі
Еркеғали Әлімқұлов
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1274918?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version