Атырауда педагогтердің облыстық Тамыз кеңесі өтіп, онда өңірдегі білім беру жүйесінің өткен оқу жылындағы нәтижелері сараланып, 2026–2027 оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды.
«Құндылыққа негізделген білім және жасанды интеллект дәуірі – адами капиталды дамытудың стратегиялық негізі» тақырыбында өткен кеңеске облыс әкімі Болат Ақшолақов, білім саласының басшылары, педагогтер, білім беру ұйымдарының жетекшілері мен сала ардагерлері қатысты.
Кеңесте Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов өңірдегі білім беру жүйесінің негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.
Өткен 2025–2026 оқу жылында облыстағы 235 орта білім беру ұйымында 13 948 педагог 154 300 оқушыға білім берді. Оқу жылы қорытындысында білім сапасы 1,5 пайызға өсіп, 59,5 пайызды құрады. Биыл 200 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 467 түлек үздік аттестат алды.
Сонымен бірге білім сапасын сыртқы бағалау нәтижелері бойынша бірқатар мәселелер бар екені айтылды. Осыған байланысты жаңа оқу жылында білім нәтижелерінің объективтілігіне, оқушылардың функционалдық сауаттылығына және алған білімін өмірлік жағдайда қолдана білуіне басымдық берілмек.
«Біздің міндетіміз – есеп үшін жоғары көрсеткіш қалыптастыру емес, сыртқы бағалауда да өз білімін дәлелдей алатын бәсекеге қабілетті оқушы тәрбиелеу», – деді Марат Абуов.
Жасанды интеллект білім беру жүйесіне енгізіледі
Тамыз кеңесінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру процесінде тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды.
Бүгінде облыста бірқатар цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. 5 мыңға жуық педагогке ChatGPT Edu жүйесінің арнайы лицензиялары берілген. Қосымша білім беру саласында LIRA платформасы енгізіліп, 198 білім беру ұйымы арқылы 30 619 бала қамтылды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында №42 мектеп пен Атырау аграрлық-техникалық колледжінде жасанды интеллект негізіндегі «BAIQA SYSTEM» бейнебақылау жүйесі пилоттық режимде енгізілді. Алдағы оқу жылында жобаны облыстың басқа білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Атырау қаласының 71 мектебінде енгізілген «Nazar» жобасының мүмкіндіктері кеңейтіліп, жасанды интеллект негізінде сабақтарды бақылау мен талдау жүйесі жетілдіріледі.
Мектеп инфрақұрылымы жаңаруда
Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы «Реновация» жобасы аясында 7 мектепте күрделі жөндеу аяқталып, 5600 орынға арналған 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 8-ден 5-ке қысқарды.
Жаңа оқу жылында тағы 6 мектептің жаңа ғимараты іске қосылып, үш ауысымды мектептер саны 3-ке дейін төмендейді деп күтілуде.
Сонымен қатар 25 мектеп 130 жаңа кабинеттермен жабдықталды.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау күшейеді
Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 7 941 бала бар. Оның ішінде 2 623-і мектепке дейінгі, 4 949-ы мектеп жасындағы, 369-ы колледж жасындағы балалар.
Мектеп жасындағы оқуға жататын 4 701 баланың барлығы орта біліммен қамтылған.
Қазіргі таңда облыста 19 арнайы білім беру мекемесі мен 38 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. Алдағы кезеңде 400 орындық аутизм орталығын, 400 орындық шығармашылық орталығын және қосымша инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу жоспарланған.
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда
Тамыз кеңесінде балалардың қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
2025 жылғы Тамыз кеңесінің қарары негізінде құқық бұзушылық фактілері жиі тіркелген 20 білім беру ұйымына – 11 мектеп пен 9 колледжге – прокурорлар мен полиция қызметкерлері тұрақты негізде бекітілген.
Сонымен қатар «Құндылықтарға шолу» және «Тәлімгер профилактикасы» жобалары жүзеге асырылуда.
Баяндама барысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілеріне де тоқталды. Жеті айдың қорытындысы бойынша аяқталған 5 факт тіркелген. 2025 жылдың осы кезеңінде де көрсеткіш 5 болған. Суицидке ұмтылу фактілері 7-ні құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 10 болған.
«Бұл – жай ғана статистика емес. Әрбір санның артында баланың өмірі тұр. Баланың өмірі мен қауіпсіздігі – барлығымызға ортақ жауапкершілік», – деді басқарма басшысы.
Техникалық және кәсіптік білім беруге басымдық берілуде
Өңірде 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 20 мың студент білім алуда. 18 колледжде 2 750 студент 591 кәсіпорынның қатысуымен дуальді білім алып жатыр.
Еңбек нарығының сұранысына сәйкес білім беру бағдарламалары жаңартылуда. Қазіргі таңда 19 колледж 216 білім беру бағдарламасын жаңартса, 23 колледж 283 бағдарламаны сараптамаға ұсынған.
WorldSkills қозғалысында да Атырау жастары жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Республикалық чемпионатта жүлделі орын алған екі студент EuroSkills Herning халықаралық чемпионатына қатысты.
Білім сапасы – басты басымдық
Кеңес қорытындысында жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттер білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби және цифрлық құзыреттерін дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруді жетілдіру және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау бағыттарында айқындалды.
«Біздің жұмысымыздың нәтижесі тек салынған мектептермен, жаңартылған кабинеттермен, цифрлық платформалармен немесе есептегі пайыздармен өлшенбеуі тиіс. Оның нақты нәтижесі – сапалы білім алған, саналы тәрбие көрген, қауіпсіз ортада өсіп, өз мүмкіндігін жүзеге асыра алған бала», – деді Марат Абуов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-bilim/press/news/details/1276152?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау