БАСТЫ НАЗАРДА – САЙЛАУШЫ: ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ БҚО-НЫҢ САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол сайлау учаскелерінде болып, семинарға қатысты, комиссия мүшелерімен кездесті және мемлекеттік органдармен сайлауға дайындықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Сайлау қорытындыларына сайлаушылардың сенімі көп жағдайда дауыс беруді учаскеде тікелей ұйымдастыратын мамандардың кәсібилігіне байланысты. Сондықтан комиссияларды даярлау жұмыс барысындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Сапар аясында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 120 өкілінің қатысуымен семинар өтті. Жалпы облыстағы 3126 учаскелік комиссия  мүшелерінің барлығы каскадты оқытумен қамтылды.

Сапар барысында ОСК хатшысы Теректі ауданындағы №360, №363, №367 және №384 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Әсіресе оқыту барысында алынған білімнің іс жүзінде қалай қолданылатынына назар аударылды. Атап айтқанда, үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру, байқаушылардың құжаттарын тексеру, БАҚ өкілдерін сайлау учаскелеріне кіргізу, есептен шығару куәліктерін беру және дауыстарды қайта санау туралы шешім қабылдау мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау процестерін цифрландыру саласындағы пилоттық жобаларды таныстырды. Олардың қатарында дауыс беру күні учаскелік комиссиялардың жұмысын жеңілдетуге, есептілікті автоматтандыруға, қағаз құжат айналымын қысқартуға және негізгі рәсімдерді орындауға уақытты үнемдеуге бағытталған технологиялық шешімдер бар.

Шавхат Утемісов жаңа құралдардың практикалық тиімділігін, сондай-ақ Құрылтай депутаттарын сайлауға орай Oralsaylau.kz геоақпараттық порталының жаңартылған нұсқасын бағалады.

Өңірде сайлаушыларды ақпараттандыруға ерекше назар аударылуда. Дәстүрлі форматтармен қатар, азаматтармен коммуникацияның қосымша тәсілдері енгізілуде. Бұл қажетті ақпаратты олардың күнделікті болатын орындарында тікелей алуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, теміржол вокзалында, халықаралық әуежайда және қаланың ең ірі сауда ойын-сауық орталығында және облыстың 5 аудан орталығында арнайы ақпараттық пункттер ашылды. Бұл жұмыста Жас сайлаушылар клубының мүшелері маңызды рөл атқарады: олар Орталық сайлау комиссиясының материалдарын таратады, азаматтардың сұрақтарына жауап береді және сайлауға қатысудың практикалық мәселелерін түсіндіруге көмектеседі. Атап айтқанда, сайлау учаскесінің мекенжайын анықтаудан және дауыс беру тәртібінен бастап, есептен шығару куәлігін алу мен колл-орталыққа жүгінуге дейінгі мәселелер бойынша ақпарат береді.

ОСК хатшысының жұмыс сапарының қорытынды бөлігі Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мәселелері жөніндегі кеңес болды. Басты назар барлық қызметтердің іс-қимыл үйлесімділігіне және өңірдің дауыс беру күніне дайындығына аударылды.

Облыс әкімінің орынбасары және прокуратура, ішкі істер, төтенше жағдайлар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарының басшылары өз бағыттары бойынша ақпарат берді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелері талқыланды.

Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов сайлау инфрақұрылымындағы өзгерістер туралы баяндады. Жыл басынан бері өңірде екі жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз үш учаске таратылды, тағы 15 учаскенің шекаралары нақтыланды. Барлық өзгерістер туралы сайлаушыларға уақтылы ақпарат берілді.

Тексеру сапарының қорытындысын шығара келе, ҚР ОСК хатшысы Шавхат Утемісов сайлауға дайындықтың соңғы кезеңінде сайлау процесіне қатысушылардың барлығының іс-қимылының үйлесімділігі мен кәсіби жауапкершілігі айрықша маңызды екенін атап өтті:

«Сайлауға деген сенім ең алдымен жергілікті жерлерде – дауыс беру тікелей ұйымдастырылатын жерде қалыптасады. Сондықтан сайлау комиссияларының, мемлекеттік органдардың және осы процеске тартылған барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының маңызы зор. Дәл осы өзара іс-қимыл дауыс берудің заңдылығын, ашықтығын және нақты ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Батыс Қазақстан облысында 502 сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1275590?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version