Бүгінде бұл шаңырақта 35 жыл отасқан жұбайы Гүлжан Сүйінбайқызы ғалымның өнегелі өмірі мен мол мұрасын сақтап отыр.
Кездесуде облыс әкімі Амангелді Әбдірахманұлының елге, ғылымға және қоғамға сіңірген еңбегін атап өтіп, оның артында қалған мол ғылыми әрі рухани мұрасының маңыздылығына тоқталып, көрнекті ғалымның ұзақ жылғы зерттеулері мен пайымдары топтасқан, бұрын жарық көрмеген «Ділтану» жинағының алғашқы данасын табыстады.
Өз кезегінде Гүлжан Сүйінбайқызы қазақтың абызы аталған Амангелді Айталының мол мұрасының жарық көруіне ықпалын тигізген ел азаматтарына алғысын жеткізді.
«Амангелді ағаларыңыздың бар ғұмыры елге, ғылымға, халыққа қызмет етуге арналды. Ол кісі ғылым саласында көп еңбек етті, Парламентте депутат болды. Артында қалдырған еңбектері мен кітаптары – өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты деп білемін. Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамытуға, білімді әрі зерделі ұлт қалыптастыруға ерекше мән беріп, осы бағытта бірқатар маңызды міндет жүктеді. Бүгінде жарық көріп отырған бұл жинақ та – Амангелдінің ғылыми мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге жасалған маңызды қадам деп ойлаймын. Амангелдінің еңбектерін жинақтап, жарыққа шығаруға атсалысқан, осындай бастамаға қолдау көрсеткен баршаға, ақтөбеліктерге жұбайы ретінде шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін», – деді марқұмның жары.
Кездесу соңында аймақ басшысы Асхат Шахаров Гүлжан Сүйінбайқызы Битөрені 80 жас мерейтойымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Айтып өтейік, былтыр Ақтөбеде ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессорға арналып, оның тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1276230?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау