Күрестен Әлем чемпионатының символдары таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

24 қазан мен 1 қараша аралығында Астана әлемдік күрестің басты орталығына айналады. Әлемнің жүзден астам елінен мыңға жуық спортшы Қазақстанға келіп, әлем чемпионы атағы үшін бозкілемде бақ сынайды. Бірақ еліміз үшін Чемпионаттың мәні тоғыз жарыс күнімен ғана шектелмейді. Басты мақсат – әлемнің үздік балуандарын Астанаға әкелу ғана емес, осы мүмкіндік арқылы Қазақстандағы күрестің дамуына жаңа серпін беру, балалар мен жастарды спортқа тарту, мамандарымыздың тәжірибесін арттыру және Астана мен Қазақстанды әлемге кеңінен таныстыру. Қазақстандық күрес федерациясы бас хатшысының м.а. Гүлбарам Құлахметова ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Әлем чемпионатының бағдарламасы тоғыз жарыс күнін қамтиды: алдымен грек-рим күресі, одан кейін әйелдер күресі, ал Чемпионатты еркін күрес шеберлері қорытындылайды.

«Осы тоғыз күн бойы әлемдік күрес қауымдастығының назары Астанаға аударылады. Біз көрерменнің аренаға тек белдесулерді көру үшін емес, әлемдік деңгейдегі үлкен спорттық оқиғаның атмосферасын сезіну үшін келгенін қалаймыз. Бүгін біз «Астана-2026» Әлем чемпионатының ресми логотипін таныстырып отырмыз. Оның визуалды шешімінде күреске тән қозғалыс пен динамика, тұтастық және ұлттық өрнек элементтері бір композицияда біріктірілген. Орталықтағы қозғалыс күрестің қарқыны мен бәсекелестік энергиясын сезіндіреді. Ұлттық өрнектер Чемпионаттың Қазақстанда өтетінін айқындап, заманауи спорттық дизайнды ұлттық мәдениетпен байланыстырады. Көк түстер Қазақстанның визуалды болмысымен үндеседі, ал «ASTANA’26» атауы Чемпионаттың өтетін қаласын халықаралық аудиторияға нақты әрі есте қаларлық түрде танытады», – деді спикер.

Әлем чемпионатының тағы бір ерекше символы – ресми маскот Muzbalaq, яғни Мұзбалақ. Қыран қазақ дүниетанымында еркіндіктің, биіктіктің, күштің, қырағылық пен батылдықтың белгісі. Бұл қасиеттер күрестің табиғатына да жақын – жігер, табандылық және жеңіске ұмтылыс.

Muzbalaq, әсіресе, балалар мен жас жанкүйерлер үшін Чемпионаттың басты кейіпкерлерінің біріне айналады. Оны ақпараттық науқанда, әлеуметтік желілерде, балаларға арналған жобаларда, қала кеңістігінде, фан-аймақтарда және Чемпионат күндері «Барыс Аренада» көруге болады.

Әр спортшы үшін Чемпионаттың ең маңызды символы – «Астана-2026» Әлем чемпионатының медалі. Медаль дизайнында Чемпионаттың негізгі визуалды элементтері, ұлттық ою-өрнек және қыран бейнесі бір идеяға біріктірілген. Қыран биіктік, күш және жеңіске ұмтылысты білдіреді. Астанаға 800-ден астам спортшы келеді, бірақ олардың әрқайсысының арманы – әлем чемпионы атанып, осы медальға қол жеткізу.

Бірнеше айдан кейін дәл осы медальдар әлемнің үздік балуандарының мойнына тағылады, ал олардың спорттық тарихында «Астана-2026» атауы қалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-monkebi/press/news/details/1276086?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version