Ақмола облысында егін жинау науқаны қарқын алып келеді. Өңірдің барлық аудандарында шаруалар алқаптарға шығып, бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі – науқанды ұйымдасқан түрде, оңтайлы мерзімде және өнім сапасын жоғалтпай өткізу. Осы мәселелер Бурабай ауданында өткен ауқымды агрокеңесте талқыланды. Жиынға облыстың 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі қатысты. Жиында қалыптасқан жағдайды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин талқылады.
Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің негізгі астық өндіретін өңірлерінің бірі болып саналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 5,6 млн гектар алқапқа орналастырылса, оның 4,5 млн гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың көлемі 838 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Қазір барлық аудандарда егін жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде шаруалар 800 мың гектардан астам дәнді дақылды жинап, 978 мың тонна астық бастырды. Орташа өнімділік гектарына 12,2 центнерді құрайды. Жалпы, биыл облыста шамамен 8 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жоспарланып отыр.
Биылғы науқанға өңір толық техникалық дайындықпен кірісті. Егін жинау жұмыстарына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, машина-трактор паркінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге науқанды өткізу үшін 81 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шамамен 433 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Техниканы жаңарту жұмыстары да жалғасуда: жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,1 мың техника сатып алған, оның 842-сі жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында алынған.
«Бүгінде аграрийлердің алдында тұрған міндет – өнімді жай ғана жинап алу емес, оны сапалы әрі оңтайлы мерзімде жинау. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалды: техника, жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштар қамтамасыз етілді. Біздің міндетіміз – егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде өткізу және туындаған мәселелерді жедел шешу», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Өңір басшысы атап өткендей, мемлекеттік қолдау нақты нәтижемен өлшенуі тиіс. Соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешенге қомақты қаржы бағытталуда. 2025 жылы Ақмола облысының ауыл шаруашылығын қолдауға шамамен 245 млрд теңге бөлінді. Ал биыл АӨК-ті дамытуға шамамен 316 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен шамамен үштен біріне артық.
«Барлық жерде нәтиже болуы керек. Мемлекеттік қолдау шаралары өндіріс көлемінің өсуін, өнімділіктің артуын, салық түсімдерінің көбеюін, жерді тиімді пайдалануды және бизнестің жауапкершілігін қамтамасыз етуі тиіс. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, жерді оны сауатты әрі тиімді пайдалана білетін адамдар игеруі керек. Жер – еліміздің байлығы. Сондықтан бюджеттен бөлінген әрбір теңге ауыл шаруашылығын және ауыл экономикасын дамытуға жұмыс істеуі тиіс», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде мемлекеттік қолдау алып қана қоймай, бөлінген ресурстарды тиімді пайдаланатын, заманауи технологияларды енгізетін, тыңайтқыштарды уақытылы қолданатын және техниканы жүйелі түрде жаңартып отыратын шаруашылықтарға ерекше көңіл бөлінуде.
«Мемлекет сіздерге осындай қолдау көрсеткен кезде, оның қайтарымы болуын күтуге толық құқылы. Бізге болашаққа бағытталған, ғылыми негізделген тәсілдерді қолданатын, цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізетін шаруашылықтар қажет. Мұның барлығы түптеп келгенде өнімділікке, өнім сапасына және шаруашылықтардың экономикалық тұрақтылығына әсер етуі тиіс», – деді облыс әкімі.
Биыл басты назар өнім көлеміне ғана емес, астықтың сапасына да аударылып отыр. Жекелеген аудандарда клейковина мөлшері 40 пайызға дейін жетеді. Жарқайың және Есіл аудандары жоғары көрсеткіштер көрсетуде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жаңа өнімнің шамамен 40 пайызы құрамында ақуыз бен клейковина мөлшері жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие Hi-Pro стандартына сәйкес келеді.
Саланың технологиялық жаңғыруы да маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Бүгінде облыста 5,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері цифрландырылған, 49 смарт-ферма жұмыс істейді, 120-дан астам шаруашылық заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде.
Бұл тәсілдің тиімділігін «Журавлевка 1» және «Дихан Плюс» ЖШС тәжірибесі көрсетеді. Мұнда цифрлық технологиялар өндірістің барлық кезеңіне енгізілген. Атап айтқанда, агротехнологиялық үдерістерді бақылау, шығындарды есепке алу, өнімділікті болжау және ресурстарды тиімді пайдалану жолға қойылған. Нәтижесінде дәлме-дәл егіншілік еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ал цифрландыру аграрлық сектордың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды факторлардың біріне айналып отыр.
Сонымен қатар облыс жаңа өнімді қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Науқанға 67 астық қабылдау кәсіпорны және жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тоннаны құрайтын 1,5 мыңға жуық қойма дайындалды. Егін жинау науқанының қызған шағында ауыл шаруашылығы техникасы мен астықтың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта жергілікті полиция қызметімен және көліктік бақылау инспекцияларымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаппай егін жинау кезеңінде «жасыл дәліз» қамтамасыз ету көзделген.
Мал шаруашылығын қысқы кезеңге дайындау да маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Бүгінде облыста 1,3 млн тоннадан астам шөп және 249,5 мың тонна пішендеме дайындалды. Сүрлем дайындау жұмыстары жалғасуда.
Агрокеңес қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов егін жинау науқанының барлық кезеңдерін нақты үйлестіруді, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде іркілістерге жол бермеуді, астықты уақытылы қабылдау мен сақтауды ұйымдастыруды, агротехнологиялардың сақталуын және мемлекеттік қолдау шараларының тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1275490?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау