Қарағанды облысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы кеңейтіледі. Балқаш қаласында, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында үш жаңа субаймақ құрылады. Бұл инвесторларды тартуға қосымша мүмкіндік береді. Жаңа жобаларды іске асыру үшін дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері ұсынылады.
Екі субаймақ өңірдегі туризмді дамытуға бағытталады.
– Балқаш субаймағында заманауи қонақүй кешендері мен мейрамханалар, жаңа қызмет көрсету және демалыс нысандарын салуға жағдай жасалады. Бастапқы кезеңде шамамен 26,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 600-ден астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр, – деді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.
Қарқаралы ауданында туризмнің экологиялық, этнографиялық, сауықтыру, спорттық және басқа да түрлерін дамытуға мүмкіндік артады.
Бұқар жырау ауданында, Севан ауылының маңынан өнеркәсіптік субаймақ құру үшін аумағы 40 гектар жер бөлінеді. Мұнда он жаңа өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Есептеулерге сәйкес, арнайы экономикалық аймақтың кеңеюі жалпы өңірге шамамен 90 млрд теңге инвестиция тартуға және екі мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1275819?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау