Өнеркәсіптік трансмай қышқылдары – тағам рационындағы негізгі трансмайлардың бірі. Олар әдетте 18:1 трансизомерлері болып табылады. Оны өсімдік майларын ішінара гидрогендеу арқылы алынады. Бұл технология тағам өнеркәсібінде жартылай қатты майлар өндіру үшін қолданылады. Мұндай майлар нан-тоқаш өнімдерін, қуырылған тағамдарды, маргариндерді және басқа да азық-түлік өнімдерін өндіруде пайдаланылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымдарына сәйкес, трансмайларды тұтынудың қауіпсіз мөлшері тәуліктік жалпы калорияның 1%-ынан аспауы тиіс (шамамен 2,2 грамм).
Трансмайлардың зияны қандай? Трансмайларды тұрақты түрде тұтыну:
жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әкеледі; бауырды зақымдайды;
қатерлі ісіктің даму қаупін арттырып, ағзадағы қабыну үдерістерін күшейтеді;
2-типті қант диабетінің даму қаупін арттырады.
Сондықтан ДДҰ өнеркәсіптік трансмайларды тағам өнімдерінен толықтай алып тастауды ұсынады. Ол үшін оларды денсаулыққа пайдалырақ майлармен және өсімдік майларымен алмастыру, сондай-ақ трансмайларға қатысты озық тәжірибелерді әзірлеу, бақылау және олардың сақталуын қамтамасыз ету қажет. Атап айтқанда, барлық тағам өнімдеріндегі майдың 100 грамына шаққанда трансмайлардың мөлшерін 2 грамнан асырмау немесе ішінара гидрогенделген майларды қолдануға толық тыйым салу ұсынылады.
Рациондағы зиянды майлардың мөлшерін тиімді азайту үшін:
жемістерге, көкөністерге, тұтас дәнді өнімдерге, майы аз етке, құс етіне, балыққа және жаңғақтарға бай дұрыс тамақтану үлгісін ұстану. Сонымен қатар тәтті тағамдар мен қант қосылған сусындарды тұтынуды азайту.
Табиғи, гидрогенделмеген өсімдік майларын қолдану.
Құрамында трансмайлар болуы мүмкін тағамдарды (пончиктер, чипстер, крекерлер, бәліштер, фаст-фуд өнімдері және т.б.) тұтынудан бас тарту.
Қоғамдық тамақтану орындарында дайындалған қуырылған немесе пісірілген тағамдарды жиі тұтынудан аулақ болу.
Өнімнің қаптамасында көрсетілген құрамын мұқият оқып шығу.
«Трансмайлар тағамның сақтау мерзімін ұзартады, бірақ адамның өмірін қысқартады. Табиғи тағамды таңдаңыз, өнімнің құрамын оқыңыз және есте сақтаңыз: денсаулық – күн сайын қабылданатын шағын, бірақ маңызды шешімдердің нәтижесі».
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhangeldi-audany-akimat/press/news/details/1276038?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау