Жыл басынан бері Қазақстанда жеке көмекші қызметі бойынша 24 мыңға жуық тапсырыс орындалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылдың басынан бері елімізде мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекші арқылы 24 мыңға жуық көмек көрсетілді.

Жеке көмекші қызметі мүгедектігі бар адамға күнделікті қажетті жерлеріне баруына, түрлі жұмыстарын атқаруына және өз бетінше жүріп-тұруына көмектесуге бағытталған.

Қызмет көрсету үшін үш тарап арасында келісімшарт жасалады. Оған мүгедектігі бар адам, жеке көмекші және жергілікті атқарушы орган қатысады. Келісімшартта қызметтің қалай көрсетілетіні, сондай-ақ әр тараптың құқықтары мен міндеттері жазылады.

Маман тек нақты көрсеткен қызметі үшін ақы алады. Бір қызметтің құны АЕК мөлшерінің 54,56%-ына тең. Бір реттегі қызмет көрсету уақыты 4 сағаттан аспауы керек. Бір ай ішінде 60 қызметке дейін көрсетуге болады.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар өңірдің ерекшелігі мен бюджет мүмкіндігіне қарай көрсетілетін қызмет санын қайта қарауы мүмкін.

Жеке көмекшінің еңбекақысы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы автоматты түрде төленеді. Қаражат қызметтің нақты көрсетілгенін растайтын актіге сәйкес аударылады.

Қызмет көрсетілетін күн мен уақытты мүгедектігі бар адам жеке көмекшімен өзара келіседі. Яғни азамат өзіне ыңғайлы кестені алдын ала белгілей алады.

Қызмет алушы жұмыс сапасын бағалауға құқылы. Егер көмек толық көрсетілмесе немесе қызмет сапасына қатысты негізді шағымы болса, азамат орындалған жұмыс актісіне қол қоймай, тиісті шағымын бере алады.

Ал жеке көмекші өз жұмысын өзі ұйымдастырады. Оның міндеті – келісімшартта көрсетілген қызметтерді уақытында әрі сапалы орындау.

Егер келісімшарт талаптары сақталмаса, атқарылған жұмыс үшін ақы төленбейді. Сондай-ақ адамға жеке көмекші қажет емес деп белгіленген жағдайда да төлем қарастырылмайды.

Үш тарап арасындағы келісімшарт осы бағытта жұмыс істейтін барлық маманға қолданылады. Оның ішінде бұған дейін де осындай жұмысты атқарып жүргендер де бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1276199?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version