Аида Балаева мен Тойли Курбанов Халықаралық еріктілер жылын өткізу барысын талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесті.

Кездесуде Халықаралық волонтерлер жылы аясында атқарылған бірлескен жұмыстың нәтижелері қаралып, Қазақстан мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттары талқыланды.

Аида Балаева бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Тойли Курбанов пен оның командасына алғыс білдірді. Ол Қазақстан Халықаралық волонтерлер жылын жариялау жөнінде бастама көтерген ел ретінде өз мақсат-міндеттерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге белсенді атсалысып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысы волонтерлік қозғалысты дамытуға айрықша мән беретінін айтты.

«Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс Президенттің жан-жақты қолдауына ие. Мемлекет басшысы 2019 жылы 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялағаннан кейін бұл бағыт тың серпін алып, қарқынды дами түсті. Бүгінде волонтерліктің сан алуан саланы қамтып, жас ерекшелігіне қарамастан адамдарды ортақ іске жұмылдыруы ерекше маңызды. Оның қоғамдағы айрықша мәні жаңа Конституциямыздан да көрініс тапты. Волонтерлік қызмет мәртебесінің конституциялық деңгейде бекітілуі мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге және осы саланы дамыту тәсілдерін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады. Президентіміздің бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы адамдар мен қауымдастықтарды ортақ мақсаттар мен құндылықтар, қоғам игілігіне қызмет ету мұраты төңірегінде біріктірген тағы бір маңызды қадам болды», – деді Аида Балаева.

Кездесуде Қазақстан Халықаралық еріктілер жылын жекелеген іс-шаралар жиынтығы ретінде ғана емес, волонтерлікті дамытудың ұзақмерзімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды бастама ретінде қарастыратыны атап өтілді.

Осыған байланысты Аида Балаева волонтерлерді тіркеуге, олардың мәртебесін айқындауға және қызмет бағыттарын жүйелеуге арналған бірыңғай халықаралық портал құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мұндай ресурс волонтерлер қауымдастығының нақты үлесін бағалауға, сұраныс жоғары және жеткілікті дамымаған бағыттарды анықтауға, бірлескен жұмысты тиімді үйлестіруге, сондай-ақ волонтерлерді қолдау, ынталандыру және көтермелеу тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Тойли Курбанов Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жүйелі әрі үйлесімді бірлескен жұмысты атап өтті.

«Бүгінде волонтерліктің көпполюсті әлемі қалыптасып келеді. Қазақстан – оның негізгі орталықтарының бірі. Бәлкім, біз бұл оқиғаның тарихи маңызын әлі де толық бағамдап үлгермеген шығармыз. Алайда арада жылдар өткенде жұрт мұның бәрі Халықаралық волонтерлер жылын жариялауды әлемдік қауымдастыққа алғаш ұсынған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасынан бастау алғанын айтады», – деді БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі.

Кездесу соңында тараптар Халықаралық еріктілер жылы аясындағы бастамаларды жүзеге асыру, сондай-ақ волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту және қолдау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Айта кетейік, 20 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің алғашқы форумы өтеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1276928?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version