Халықаралық қоғамдастық БҰҰ аясында су саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды қолдайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі су ресурстары саласындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын талқылауға арналған арнайы іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шара Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы Тараптарының 17-конференциясы (COP17) аясында өтті. Талқылауға БҰҰ, ұлттық делегациялардың, сарапшылар қауымдастығының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Негізгі назар жердің тозуы, құрғақшылық, азық-түлік қауіпсіздігі және биоалуантүрліліктің сақталуы жағдайындағы су ресурстарын басқару мәселелеріне аударылды.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Мемлекет басшысының бастамасы халықаралық су ынтымақтастығын нығайту және Қазақстан, Моңғолия мен Орталық Азия өңірі тап болып отырған ұзақ мерзімді экологиялық проблемаларды шешу тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Осы ретте су саласындағы өңірлік өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру перспективалары да талқыланды.

Қазақстандық делегация Халықаралық су ұйымын құрудың тұжырымдамалық тәсілдерін және Астана, Найроби мен Нью-Йорк қалаларында өткізілген халықаралық консультациялардың қорытындыларын таныстырды. Қазақстан тарапы мүдделі мемлекеттер мен ұйымдарды су ресурстарын жаһандық басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелерін, оның ішінде Абу-Дабиде өтетін алдағы БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясы аясында талқылауға шақырды.

Қатысушылар БҰҰ-дағы қазіргі реформалар және су қауіпсіздігі саласындағы сын-қатерлердің артуы жағдайында Қазақстан бастамасының өзектілігін атап өтті. Моңғолия Су агенттігінің төрағасы Зэнэямадарын Батбаяр Қазақстан бастамасының уақтылы көтерілгенін атап өтіп, экологиялық және климаттық сын-қатерлердің жаһандық су проблематикасымен өзара байланысына назар аударды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар БҰҰ алаңдарында су күн тәртібін бірлесіп ілгерілетуге және осы саладағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1276518?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version