Мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға қатысуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету олардың конституциялық құқықтарын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Сайлау учаскелерінде қолжетімді ортаны қалыптастыру мүгедектігі бар азаматтарға сайлау процесіне басқа азаматтармен тең дәрежеде және өз бетінше қатысуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруы үшін, оның ішінде олардың дауыс беруге арналған үй-жайларға кедергісіз кіруі үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілуге тиіс.
Сайлау учаскелерін дайындау кезінде қолжетімділік талаптарын ескеру және дауыс беруге арналған үй-жайларды ғимараттардың бірінші қабаттарында орналастыруға басымдық беру, пандустар немесе көтергіш құрылғылар, шақыру батырмалары, төсемдер мен тактильді көрсеткіштердің болуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ есік ойықтарының қажетті параметрлерін, есік жапқыштардың, оның ішінде автоматты түрде ашылатын құрылғылардың болуын және жеткілікті жарықтандыруды қамтамасыз ету маңызды.
Сайлау учаскелеріне ыңғайлы көлік және жаяу жүргіншілер жолдарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың автокөліктеріне арналған арнайы тұрақ орындарын қарастыру қажет.
Ақпараттың қолжетімділігі мен өзектілігін арттыру мақсатында сайлау учаскелері Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділік картасында көрсетілуге тиіс. Олардың жай-күйі мен қолжетімділігі туралы ақпарат мониторинг нәтижелері мен аумақтық сайлау комиссияларының және мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің қорытындыларын ескере отырып, тұрақты түрде жаңартылып отыруы қажет.
Мүгедектіктің әртүрлі түрлері бар азаматтар үшін сайлау туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі. Дауыс беруге арналған үй-жайларда қазіргі заманғы тифлотехникалық және сурдотехникалық құралдарды, сондай-ақ басқа да көмекші технологияларды пайдалану көзделуге тиіс. Ақпараттық материалдар мен маңдайшалар қажет болған жағдайда көру қабілеті бұзылған адамдардың қабылдауына қолжетімді болуы, оның ішінде Брайль қарпін пайдалану арқылы қамтамасыз етілуі қажет.
Дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтар үшін көлік қолжетімділігін, оның ішінде сайлау учаскелеріне инватакси қызметін ұйымдастыру арқылы қамтамасыз ету қажет.
Аумақтық департаменттер өз құзыреті шегінде сайлау учаскелерінің дайындығы және ықтимал кедергілерді жою мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен, сайлау комиссияларымен және мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жүргізеді.
Сайлау учаскелері мен дауыс беруге арналған үй-жайлар белгіленген талаптарға және Сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жабдықтау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жабдықталуға тиіс.
Қажет болған жағдайда сайлау учаскелерінде ымдау тілі мамандарының, оның ішінде онлайн форматта, сондай-ақ тифлосурдоаудармашылардың қатысуы қамтамасыз етілуге тиіс.
Дауыс беруді ұйымдастыру кезінде мүгедектігі бар азаматтардың жеке қажеттіліктерін ескеру қажет. Әрбір сайлаушы өзінің ерік білдіруін дербес және жасырын түрде жүзеге асыруға немесе өз таңдауы бойынша басқа адамның көмегін пайдалануға мүмкіндік алуға тиіс.
Егер азамат денсаулық жағдайына немесе өзге де себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмаса, учаскелік сайлау комиссиясы оның жазбаша өтініші бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен оның болатын жерінде дауыс беруді ұйымдастырады.
Мүгедектігі бар сайлаушылармен дұрыс әрі құрметпен қарым-қатынас жасау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Көру қабілеті бұзылған азаматтармен сөйлескен кезде сайлаушының өзіне тікелей жүгініп, қарапайым әрі түсінікті сөйлеу қажет. Есту қабілеті бұзылған адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде түсінікті ымдарды, жазбаша түрде сөйлесуді немесе ымдау тілі маманының көмегін пайдалану ұсынылады.
Көру және есту қабілеттері қатар бұзылған адамдармен қарым-қатынасты тифлосурдоаудармашының көмегімен жүзеге асырған жөн.
Тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған адамдар үшін сайлау учаскесінде болуына қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілуге тиіс: қажет болған жағдайда кресло-арбамен келуге арналған орын ұсыну, орындық беру, жасырын дауыс беру орнына дейін қозғалуына, сондай-ақ үй-жайдан шығуына және көлікке отыруына жәрдем көрсету қажет.
Осылайша, сайлау учаскелерінің қолжетімділігі — бұл тек тиісті жабдықтардың болуы ғана емес, сонымен қатар әрбір мүгедектігі бар азаматтың өзінің сайлау құқығын дербес, қауіпсіз және кемсітусіз жүзеге асыра алатын жағдайларды жасау.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің
Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы
Блялов Нуркен Аманбайұлы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-karagandy/press/news/details/1276322?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау