Нұра ауданының Мұзбел ауылында жақын арада демалыс пен серуендеуге арналған заманауи орын пайда болады. Жаңа саябақты жергілікті кәсіпкер өз қаражаты есебінен салып жатыр. Ауданда бизнес құрылымдары мен ірі шаруашылықтардың басшылары ауылдық аумақтарды дамытуға белсенді атсалысып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда.
Мәселен, Мұзбел ауылында «Пржевальское» ЖШС-нің қаражаты есебінен жаңа саябақ бой көтеруде. Мұнда серуендеуге арналған аумақтар, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі бар абаттандырылған демалыс орны жасалады. Аумағы көгалдандырылып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселеді.
«Пржевальское» директоры Әлібек Тәттібаев үшін туған ауылын қолдау – ұстанып келе жатқан негізгі жұмыс қағидаттарының бірі.
— Туған ауылымның дамуына серіктестік қаражаты есебінен үлес қосуды азаматтық борышым деп санаймын. Саябақтың құрылысын бастадық. Қазір нысанда бес адам жұмыс істеп жатыр. Аумағы абаттандырылып, көгалдандырылады, орындықтар орнатылады, тас төселіп, жарықтандыру жүргізіледі, — дейді Әлібек Тәттібаев.
Изенді ауылында кәсіпкерлердің назары балаларға бағытталған. Тұрғындардың өтініші бойынша «Нұра» кәсіпорны мектеп жанынан жаңа ойын алаңын салды. Өткен жылы мектеп жанынан шағын орталық ашылғаннан кейін алаңға деген сұраныс артқан. Енді оның тәрбиеленушілерінің ойын ойнап, серуендейтін жеке орны бар.
— Балалар мұнда бос уақыттарын қуана өткізеді. Түскі ұйқыдан кейін бірден ойнауға шығады. Енді олардың таза ауада уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін өздеріне арналған абаттандырылған кеңістігі бар, — дейді мектеп директоры Салтанат Бердешова.
Шахтерское ауылында жас мамандарды тартуға басымдық берілуде. Мамандарды ауылға тарту мақсатында мұнда жалпы аумағы 540 шаршы метр болатын екі екіпәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Бұл үйлерге инженер-электрик, гидротехник, дәрігер және учаскелік полиция инспекторы қоныстанады. Әр пәтерге жеке гараж қарастырылған. Құрылысты қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.
— Ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтіп, егіс алқаптарының көлемін ұлғайтып жатырмыз. Алдағы уақытта жаңа мамандарды, соның ішінде шетелден де мамандар шақыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан тұрғын үймен қатар жатақхана құрылысын да бастадық, — дейді «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп.
Жатақхана үш секциядан тұрады және 90 адамға дейін қабылдай алады. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиялары қолданылатын заманауи автоматтандырылған қойма салу және сыйымдылығы 15 мың тонна болатын қосымша картоп қоймасын тұрғызу жоспарланған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1276256?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау