ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІПТІ ДАМЫТЫП, ӨЗ ӨНІМІН НАРЫҚҚА ШЫҒАРУДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Отырар ауданының Көксарай ауылының тумасы Шонабаев Мұрат Айдынғалиұлы – өз ісін дөңгелетіп, отбасылық кәсіпті дамытып келе жатқан жергілікті кәсіпкерлердің бірі.
Мұрат Айдынғалиұлы кәсібін өз ауласынан бастап, перде тігуге қажетті фурнитура түрлерін өндірумен айналысады. Кәсіптің негізгі ерекшелігі – өнімнің өз ауласындағы шағын өндірісте жасалып, тапсырыс берушілердің сұранысына сай дайындалуында.
Бүгінде кәсіпкердің өнімдеріне аудан тұрғындарымен қатар, Шымкент және Түркістан қалаларынан да сұраныс артып келеді. Тапсырыс көлеміне қарай қажетті фурнитураларды дайындап, тұтынушыларға жеткізіп береді.
Отбасылық кәсіптің бір ерекшелігі – өндіріс жұмысына отбасы мүшелерінің де атсалысуы. Осылайша кәсіпкер бір жағынан өз кәсібін дамытып, екінші жағынан отбасы мүшелерін еңбекке баулып, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып келеді.
Шағын істен басталған кәсіптің бүгінде тұрақты тапсырыс берушілері қалыптасып, өнімдері көршілес қалаларға да жол тартуда.
«Кәсіп бастау үшін ең алдымен ниет пен еңбек қажет. Өз қолыңнан шыққан өнімге сұраныс болғаны – еңбегіңнің нәтижесі», – дейді Мұрат Айдынғалиұлы.
Ауылдық жерде өз кәсібін бастап, оны тұрақты табыс көзіне айналдырып отырған Мұраттың еңбек жолы – «ауылда да кәсіп бастауға болады» дегеннің жарқын үлгісі.
Осындай еңбекқор, ізденімпаз азаматтардың қатары көбейіп, ауылдағы шағын және отбасылық кәсіптің өркендеуі – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1276347?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version