Қарағандыда ширек ғасырдан бері Көгілдір тоғандар шағынауданының балаларын білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеп келе жатқан Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте жаңа спорттық нысан пайдалануға берілді. «Мектептегі күрес лигасы» жобасы аясында жабдықталған заманауи зал жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Жаңа спорт залының ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қазақстан Республикасының Күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов қатысты. Салтанатты шараға спорт ардагерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары мен елге танымал балуандар да арнайы шақырылды.
— Бүгінде балалар арасында күресті дамыту айрықша маңызға ие. 2026 жылғы маусымда Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстанның Күрес федерациясы бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ оқушылар арасында еркін, грек-рим және әйелдер күресін барынша қолжетімді етуге бағытталған «Мектептегі күрес лигасы» жобасы аясында меморандумға қол қойды. Бұл залдың ашылуы — осы бастаманы жүзеге асыру жолындағы тағы бір нақты қадам. Мұнда тек мықты спортшылар ғана емес, сонымен қатар мақсаты айқын, тәртіпті әрі елге қызмет етуге лайықты азаматтар тәрбиеленеді, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына толағай табыс пен жаңа жеңістер тіледі.
Қарағанды топырағынан ел мерейін асқақтатып, Қазақстанның көк туын әлемдік аренада желбіреткен талай саңлақ спортшы шыққан. Олардың қатарында әлем чемпиондары Амангелді Жаппаров пен Серік Алшынбаев, Азия чемпионаттарының жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері Ибрагим Магомадов, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Эльмира Сыздықова және басқа да танымал балуандар бар.
Қазақстан Республикасының Күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов та жаңа спорт залының ашылуына орай өз тілегін білдіріп, жас балуандарға сәттілік тіледі.
— Алдағы уақытта өңір мектептерінде осындай 10-ға жуық зал ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – тек күресті дамыту ғана емес, жалпы жастарды спортқа тарту. Спортпен айналысқан адам түптің түбінде биік белестерді бағындырады, — деп есептейді Еркін Оқасов.
Федерация мектепке залды жабдықтауға сертификат сыйлады.
Жаңа залда мектеп оқушылары күрестің үш бағыты бойынша — грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жаттыға алады. Мұнда жас спортшылардың тұрақты дайындалып, техникалық шеберлігін жетілдіруіне және түрлі деңгейдегі жарыстарға тыңғылықты әзірленуіне барлық жағдай қарастырылған.
— Мектепте жүзу, шахмат, волейбол, баскетбол және басқа да спорт түрлері бойынша 17 үйірме мен секция жұмыс істейді. Қазірдің өзінде оқушыларымыздың 70 пайыздан астамы осы үйірмелер мен секцияларға қатысады. Жаңа оқу жылынан бастап бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз одан әрі кеңейеді: күрес бойынша тегін секциялар ашылады. Бұл балаларымыз арасында салауатты өмір салтын насихаттаудағы тағы бір маңызды қадам болады және олардың спорттық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Алдағы бірлескен жұмысты жалғастыру мақсатында Спорт басқармасы және Күрес федерациясымен де меморандум жасасып жатырмыз, — деді мектеп директоры Салтанат Тұрсынова.
Болашақ чемпиондарға спорт ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын берді.
— Күрес залының ашылуымен құттықтаймын! Бұл – өте жақсы бастама. Жастарға спорт секцияларына мүмкіндігінше көбірек қатысып, жеңістерге жетіп, әлемдік ареналарда еліміздің намысын абыроймен қорғауын тілеймін, — деді Амангелді Мұсабеков.
Бүгін, 19 тамызда, Қарағандыда күрес түрлерінен «Сарыарқа рухы» республикалық турнирі өтіп жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1276558?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау