Абайдағы қараусыз қалған аумақ экосаябаққа айналады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай қаласында бұрынғы тұрғын алабы орналасқан қараусыз қалған аумақ қоғамдық кеңістікке айналдырылып жатыр. Мұнда аумақ абаттандырылып, 14 мыңға жуық жасыл желек егілген, серуендеуге арналған жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, футбол алаңы мен ашық аспан астындағы амфитеатр жабдықталған.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа жұмыс сапары барысында Абай қаласындағы экосаябақтың және басқа да қалалық нысандардың даму барысы таныстырылды.

Бұған дейін үшінші шағынауданда бес қабатты тұрғын үйлер, мектеп, екі балабақша және басқа да нысандар болған. Тұрғындар көшіп кеткеннен кейін шағынаудан бос қалып, ғимараттар бұзылып, аумақ бірнеше жыл бойы қараусыз жатқан.

Қазір мұнда жаңа қалалық саябақ қалыптастырылуда. Аумақ құрылыс қалдықтарынан тазартылып, ағаштар егіліп, серуендеуге және жүгіруге арналған жолдар салынған. Футбол алаңы мен жастар іс-шаралары өтетін ашық амфитеатр да пайдалануға берілген. Жаз мезгілінде бұл жер серуендеуге және спортпен айналысуға қолайлы орынға айналса, қыс мезгілінде шаңғы жолын төсеу жоспарланып отыр.

Жобаға қосымша қаржы бөлінбейді. Жұмыстар, соның ішінде, қаладағы жөндеу жұмыстарынан кейін қалған құрылыс материалдарын тиімді пайдалану есебінен жүзеге асырылуда.

Аумақты абаттандыру жұмыстары әрі қарай жалғасады. Мұнда жаңа жаяу жүргіншілер бағыттарын салу, қосымша жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау камераларын орнату, спорт алаңын жабдықтау жоспарланған. Өсімдіктерді суару үшін үш ұңғыма қазылып, су жинайтын арнайы сыйымдылықтар қарастырылған. Көгалдандыру жұмыстары да жалғасын табады.

Абай қаласында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Ірі жобалардың бірі – Топар кентіндегі ГРЭС-тен қаладағы сорғы станциясына дейінгі магистральдық жылу желілерін реконструкциялау. Жоба энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар 14-орам мен үшінші шағынаудандағы қалалық жылу желілері жаңартылуда. 

Бұдан бөлек, орталықтандырылған жылумен қамту жүйесі жеке сектор аумағына да кеңейтіліп жатыр.

Орамішілік кәріз желілерін реконструкциялау жұмыстары да жалғасуда. Жаңартылуы тиіс 27 шақырым желінің 18 шақырымы қазірдің өзінде ауыстырылған. Жұмыстарды толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған.

— Абай қаласында коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексердік. Топар МАЭС-інен қалаға тартылып жатқан магистральдық жылу желісінің құрылысы – тұтынушыларды жылумен қамту сенімділігін арттыратын маңызды жоба. Жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. Жобаның іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстайтын боламыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Жол инфрақұрылымы да жаңаруда. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл және Әлия Молдағұлова көшелерінде реконструкция жұмыстары жүргізілуде. 

Мұнда жаңа асфальт төселіп қана қоймай, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, іргелес аумақтар көгалдандырылып, жол қиылыстары кеңейтіледі. Биыл қалада жалпы ұзындығы 11 шақырымға жуық жолға орташа жөндеу жүргізілуде.

Ермағанбет Бөлекпаев өткен жылдан бері жұмыс істеп тұрған жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысымен де танысты. Ол аудан тұрғындарының басым бөлігіне қызмет көрсетіп, Абай қаласы мен ауылдық елді мекендерден шығарылатын қалдықтарды қабылдайды. Полигонда қоқыс сұрыпталып, картон, пластик және алюминий одан әрі қайта өңдеуге жіберіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1277573?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version