«Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану» тақырыбы бойынша брифинг өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін 20 тамызда Ақмола облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану»   тақырыбы бойынша брифинг өтті.

Шара барысында Ақмола облысы бойынша  Мемлекеттік кірістер департаментінің  дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының  басшысы Тобыл Демесинов келесі ақпарат  жеткізді.

Қазақстан Республикасының заңнамасында қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға көзделген тетіктердің бірі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі.

«Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі көзделген.

Бүгінгі күні осы рәсім 695,9 млн.тенге берешек сомасы бар 61 борышкерге қатысты жүргізілуде.

Бұл рәсімді кім пайдалана алады?

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сот тәртібімен қолданылады.

Азаматтың сотқа жүгінуіне негіз болатын жағдайлар:

– оған тиесілі мүліктің құны оның барлық міндеттемелерінің мөлшерінен, оның ішінде орындау мерзімі әлі басталмаған міндеттемелерінен асып кетуі;

– және (немесе) тұрақты табысының болуы.

Осылайша, бұл рәсім, ең алдымен, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге нақты мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.

Мысалы, жалақысы, мүліктің бір бөлігін сату немесе жалға беру арқылы, сондай-ақ қолданыстағы берешекті өтеу шарттарын өзгерту арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Бұл рәсімнің басты ерекшелігі – азамат банкрот деп танылмайды, керісінше кредиторлар алдындағы берешегін сот бекіткен жоспарға сәйкес өтеуге мүмкіндік алады.

Рәсім қалай басталады?

Азамат өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа дербес өтініш береді.

Өтініш жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.

Өтініште ол берілетін соттың атауы көрсетіледі, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мүмкін еместігінің негіздемесі келтіріледі және қажетті құжаттар қоса беріледі.

 

Атап айтқанда:

– барлық кредиторлар мен дебиторлардың берешек сомаларын көрсете отырып тізбесі;

– берешекті растайтын құжаттар;

– мүліктің тізімдемесі;

– болған жағдайда – мүлікті бағалау туралы есеп;

– соңғы үш жылдағы азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелердің тізбесі;

– банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша берешекті реттеу жөнінде шаралар қабылданғанын растайтын құжат ұсынылады.

Бұл ретте, егер банктік қарыз немесе микрокредит шарты 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған болса немесе мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 12 ай өткен болса, берешекті реттеу жөнінде шаралар қабылданғанын растайтын құжат талап етілмейді.

Іс қозғалғаннан кейін не болады?

Сот іс қозғау туралы ұйғарым шығарғаннан кейін заңда көзделген бірқатар құқықтық салдар туындайды.

Біріншіден, азаматтың өтінішінде көрсетілген борыштық міндеттемелерді орындау мерзімдері басталған болып есептеледі.

Кредиторларға осы міндеттемелерді рәсім шеңберінен тыс орындауды талап етуге тыйым салынады.

Сондай-ақ тиісті берешек бойынша тұрақсыздық айыбын – өсімпұлдар мен айыппұлдарды, сондай-ақ сыйақыны есептеу тоқтатылады.

Борышкердің банктік шоттарындағы ақшаны өндіріп алуға және оның мүлкіне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

Борышкердің мүлкіне қатысты атқарушылық құжаттардың орындалуы тоқтатыла тұрады.

Сонымен қатар кредиторларға берешекті өндіріп алу бойынша заңнамада көзделген шараларды қолдануға тыйым салынады.

Бұл рәсімге қаржы басқарушысы қатысады.

 

Ол азаматтың қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинайды, оның мүлкін, табыстарын, міндеттемелерін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін талдайды.

Қаржы басқарушысы соттың іс қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде борышкердің мүлкіне түгендеу жүргізеді.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қаржы басқарушысы қорытынды жасайды және оны соттың іс қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде сотқа ұсынады.

Қаржы басқарушысының қорытындысында мынадай тұжырымдардың бірі көрсетілуі мүмкін:

біріншісі – борышкер төлем қабілетсіз және оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге негіздер бар;

екіншісі – борышкер төлем қабілетсіз және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер бар;

үшіншісі – борышкер төлем қабілетті және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдануға негіздер жоқ.

Бұл ретте рәсімді қолдану туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары қалай әзірленеді?

Егер сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаса, қаржы басқарушысына төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын әзірлеу тапсырылады.

Жоспар сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі айдан кешіктірілмей сотқа ұсынылуға тиіс.

Бұл ретте қаржы басқарушысы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде борышкермен бірлесіп жоспар жобасын әзірлейді.

Одан кейін жоспар жобасы кредиторларға жіберіледі.

Кредиторларға өз ұсыныстары мен ескертулерін беру үшін он жұмыс күні беріледі.

Кредиторлардың ұсыныстары мен ескертулерін қарағаннан кейін қаржы басқарушысы түпкілікті жоспарды қалыптастырып, оны сотқа ұсынады.

 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында не көзделуі мүмкін?

Заңда мұндай жоспар шеңберінде қолданылатын құралдардың жеткілікті кең тізбесі көзделген.

Жоспарда:

– берешекті төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу;

– берешекті немесе оның бір бөлігін, оның ішінде айыппұлдарды, өсімпұлдар мен тұрақсыздық айыбын кешіру;

– қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету;

– жалпы өтеу мерзімін ұзарта отырып, ай сайынғы төлемдер мөлшерін азайту;

– міндеттемені орындау тәсілін өзгерту;

– қарыз шарты бойынша міндеттемелерді кешіру шартымен кепіл нысанасын кредиторға беру;

– заңнамаға қайшы келмейтін өзге де құралдар көзделуі мүмкін.

Сонымен қатар жоспардың өзінде борышкер тарапынан жүзеге асырылатын нақты іс-шаралар да көзделуі мүмкін.

Мысалы:

– мүліктің бір бөлігін сату;

– мүлікті жалға беру;

– дебиторлық берешекті өндіріп алу;

– тұрғын үйді немесе автокөлікті құны төмен мүлікке айырбастау;

– тұрғын үйді немесе автокөлікті сата отырып, кейіннен құны төмен мүлік сатып алу;

– борышкерді жұмысқа орналастыру;

– заңнамаға қайшы келмейтін басқа да іс-шаралар.

Осылайша, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары әр азаматтың нақты қаржылық жағдайын ескере отырып, жеке тәртіппен қалыптастырылады.

Жоспарды орындау мерзімі, әдетте, бес жылдан аспауға тиіс.

Бұл ретте жоспар мерзімінен бұрын да орындалуы мүмкін.

Жоспарды кім бекітеді?

Түпкілікті жоспарды сот қарайды.

Сот жоспарды мынадай жағдайларда бекітеді:

– кредиторлардың ұсыныстары мен ескертулері болмаған кезде;

– кредиторлардың барлық ұсыныстары мен ескертулері ескерілген кезде;

– немесе есептеулер жоспардың орындалуы кредиторлардың талаптарын заңда көзделген мөлшерден кем емес көлемде қанағаттандыруды қамтамасыз ететінін көрсеткен кезде.

Яғни жоспарды бекіту кезінде борышкердің ғана емес, кредиторлардың да мүдделері ескеріледі.

Жоспар бекітілгеннен кейін не болады?

Соттың жоспарды бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енгеннен кейін борышкердің міндеттемелері бекітілген жоспарға сәйкес орындалады.

Алынған қарыздар бойынша сыйақы есептеу тоқтатылады.

Соттың ұйғарымы негізінде борышкердің мүлкіне қойылған шектеулер алып тасталуы мүмкін.

Бұл ретте борышкерге мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелер жасауға және жоспарда көзделмеген жаңа міндеттемелер қабылдауға тыйым салынады.

Сондай-ақ ломбардтардың микрокредиттерін қоспағанда, жаңа қарыздар алуға, сондай-ақ кепілдіктер мен кепілгерліктер беруге тыйым салынады.

Жоспар бекітілгеннен кейін қаржы басқарушысының өкілеттіктері тоқтатылады.

Жоспарды одан әрі орындауды азамат дербес жүзеге асырады.

Осылайша, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі азаматқа тек қарыздардан құтылуды емес, өзінің қаржылық жағдайын заңды түрде қалпына келтіруге, еңбек етуін жалғастыруға, табыс табуға және берешегін сот бекіткен жоспарға сәйкес біртіндеп өтеуге мүмкіндік береді.

Сондықтан бұл рәсімнің негізгі мақсаты – азаматты банкрот деп тану емес, оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындау мүмкіндігін сақтау.

 Шара барысында қойылған сұрақтарға толық жауаптар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1277600?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version